Шымкентте құрылыс пен тұрғын үй қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді

194
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/dYewxE5Pvn4gxeIvYHfKqu72GFiicslXkWxdYtpX.jpg

Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы 2025 жылдың 11 айында құрылыс саласы мен тұрғын үй қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді және жүйелі жұмыстар жүргізді. Басқарма сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыру, құрылыс нысандарының құқықтық мониторингі, құрылыс қызметі субъектілерін лицензиялау және мамандарды аттестаттау, сондай-ақ тұрғын үй және газ-техникалық инспекция бағыттары бойынша бірқатар шараларды іске асырды.

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау саласы аясында есепті кезеңде құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы 1909 хабарлама тіркелді. Оның 1309-ы басқарма реестріне енгізіліп, 600 хабарлама талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты қабылданбады. Сонымен қатар, нысандарды пайдалануға қабылдау актілерін қарау бойынша 1721 өтініш түсіп, оның 642-сі мақұлданды, ал 1079 өтінішке бас тарту берілді.

Лицензиялау және аттестаттау бағытында 479 өтініш қаралды. Нәтижесінде 40 лицензия беріліп, 181 лицензия қайта рәсімделді. 61 өтініш бойынша бас тарту қабылданып, 197 өтініш кері қайтарылды. Бұдан бөлек, қаңтар–қыркүйек айлары аралығында құрылыс саласында сарапшылық және инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыру үшін 196 маманға аттестат берілді.

Құрылыс саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында 178 құрылыс объектісі бойынша 422 әкімшілік хаттама толтырылды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 102,3 млн теңгені құрап, оның 80,5 млн теңгесі өндірілді. Заңсыз құрылыс фактілері бойынша 125 нысанға қатысты 369 хаттама толтырылып, 70,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, құрылыс сапасына, үлестік қатысу заңнамасының талаптарын бұзуға және аудандар бойынша анықталған құқықбұзушылықтарға байланысты тиісті әкімшілік шаралар қолданылды.

Қала аумағындағы құрылыс-монтаждау жұмыстарына жүргізілген мониторинг нәтижесінде 185 нысан анықталып, оның 102-сінің тиісті рұқсат құжаттарынсыз салынғаны белгілі болды. Аталған нысандардың 41-і бойынша шара қолданылып, қалғандарына қатысты тексеру жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, 25 құрылыс нысаны бойынша сотқа талап арыз жолданып, оның 11-і қанағаттандырылды.

Сот шешімдеріне сәйкес заңсыз салынған бірқатар құрылыс нысандары бұзылды. Атап айтқанда, Әл-Фараби, Абай және Еңбекші аудандарында орналасқан нысандар бойынша сот шешімдері толық көлемде орындалды.

Тұрғын үй және газ-техникалық инспекция саласында газ қауіпсіздігін сақтау мақсатында кең көлемді түсіндіру және алдын алу жұмыстары жүргізілді. 2025 жылы 90 үгіт-насихат іс-шарасы ұйымдастырылып, тұрғындарға 190 мың дана ақпараттық жадынама таратылды. Газ тұтыну қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 103 жеке тұлға мен 18 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қала аумағындағы 190 мың тұрғын үйге тексеру жүргізіліп, 2835 ақау анықталды.

Тұрғын үй инспекциясы бағыты бойынша қалада 2595 көпқабатты тұрғын үй есепке алынған. Оның ішінде 138 мүлік иелері бірлестігі және 374 тікелей бірлесіп басқару нысаны құрылған. Қазіргі уақытта тұрғындарға тұрғын үй заңнамасының талаптарын түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.

Лифт шаруашылығын жаңарту және қауіпсіздігін қамтамасыз ету шеңберінде қала аумағындағы 1370 лифт тұрақты бақылауда. 2025 жылы жергілікті бюджет есебінен 27 лифтіні ауыстыру жоспарланып, тиісті жұмыстар басталды. «Айкөмек 109» бірыңғай байланыс орталығы арқылы лифт жұмысына қатысты 743 өтініш тіркеліп, олардың басым бөлігі жедел түрде шешімін тапты.

Жалпы алғанда, Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы 2025 жылдың 11 айында қаладағы құрылыс, тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылым қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді әрі жүйелі жұмыстар атқарды.

Комментарии
Другие материалы