Алаштың Асанәлісі. Қош бол, Асаға!

188
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/CFQgatNeOPSR72JFLMXmrtRKlu9C9jEesw4W9aqE.jpg

Қай ғасыр, қай кезеңде де есімі өзінің халқымен біртұтасып кеткен  заңғар тұлғалар болады. Ұлт руханиятына қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткен Асанәлі Әшімов өмірден өтті дегенге сенер алар емеспіз. Жаратушы Иеміздің жарлығына амал қайсы...

 "Алаштың Асанәлісі" деп алақанына салған халқымызға, Бағдат жеңгемізге, кішкентай Асанәлі бауырымызға, барша  Әшімовтер әулетіне қайғырып көңіл айтамыз! 

 Қазақ өнерінің көшін бастаған, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті театр және кино актері, профессор АСАНӘЛІ ӘШІМОВПЕН тұтас бір дәуір көшті. 

 Асанәлі аға - қазақтың кәсіби өнерінің негізін қалаған ұлы абыздар мен бүгінгі ұрпақтың ортасындағы алтын көпір бола білді. 

 Сонау алпысыншы жылдардың басында қазақ театр және кино өнеріне «жанартау» болып келген  Асанәлі Әшімов – қазақ сахнасындағы шын мағынасындағы «құбылысқа» айналды. 

 М.Әуезовтің "Абай" трагедиясындағы Айдар бейнесімен тұсауы кесілген жас-Асанәлінің осы қойылымдағы сахналық партнёрлері -  қазақ өнерінің Абыздары - Қаллеки, Ел-ағаң, Сері-ағаң, Қапан аға бастаған ұлылар шоғыры болды. 

 Асағаңның кәсіби өнер жолы - Абыздар батасымен, қолдауымен басталып, Сәбира, Хадиша сынды ұлы актрисалармен, Нұрмұхан, Ыдырыс, Әнуар, Фарида, Райымбек, Сәбит сынды сахна санаткерлерімен жарасым тапты.

 Актерлік өнердің көркемдік деңгейінің биіктеуіне айрықша еңбек сіңірген Ас-ағаң - қазақклассикасының заңғар шыңдары М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Ә.Нұрпейісовтердің драматургиясындағы кейіпкерлер бойындағы  ұлт мұраты мен мүддесiн өзінің өміршең болмыс-бітімімен өрнектеді.

  Сондықтан театр кеңістігінде Асанәлі аға сомдаған Кебек, Қодар, Жарасбай, Айшуақ, Сырым батыр, Амангелді, Еламан сынды образдар галериясы - ұлт құндылығы. 

Ал кино өнеріндегі Асанәлі Әшімов жасаған «Бекежан» образы – қазақ рухының хрестоматиясы. Бекежандай батырдың болмысын халық жүрегіне шынайы жеткізе білді.

 Қазақ киносындағы - "Атаманның ақыры", "Транссібір экспрессі", "Бұлғар даласынан ескен жылы жел", "Сіз кімсіз, Ка мырза?", "Аруақ" фильміндегі  А.Әшімов сомдаған бейнелер - өз алдына бөлек бір әлем.   Асанәлі Әшімовтің суреткерлік болмысының екінші бір биік қыры - режиссура.

Еліміздегі театр педагогикасында, Асанәлі ағамыздың ұстаз ретінде қайталанбас өз үні, машығы мен мәнері, айшығы мен өрнегі бар.

  Ел мақтанышына айналған, қазақ өнерінің Абызы әрқашан халқымен бірге болды. 

Осыдан бір апта бұрын ғана, Астанаға өзі жетекшілік ететін театрымен, шәкірттерімен келіп елордамыздағы Ұлттық театр сахнасында өнер көрсеткен болатын.

 Қойылым соңында сахнаға шығып, Алашына ақ батасын арнады.

Алла Тағаланың рахымы мен мейіріміне бөленгей! Хош болыңыз өнердегі ардақты аға, рухани әке, ұлы ұстаз - Асанәлі аға!

Жаратушы иеміз  Бағдат жеңгемізге, бүкіл Әшімовтер әулетіне сабыр берсін!

Асхат Маемиров

Комментарии
Другие материалы