Вице-президентке жүктелетін міндет қандай?

302
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/T7eiRV5ipFeAzBuaVFrkro6QqTIpRwXOMdujLMxV.jpg

Қазақстанда жаңа мемлекеттік институт – Вице-президент қызметін енгізуге байланысты Конституцияға өзгерістер енгізу ұсынылды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Бұл туралы Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында мәлімдеді.

Ұсынысқа сәйкес, Вице-президентті Президент Құрылтайдың келісімімен, яғни депутаттардың көпшілік дауысы арқылы тағайындайды. Бұл рәсім Премьер-министрді тағайындау тәртібіне ұқсас болмақ. 

Вице-президентті қызметінен босату құзыреті де Президентке тиесілі.

Конституцияда Вице-президенттің негізгі өкілеттіктерін бекіту көзделген. Атап айтқанда, ол Президенттің тапсырмасымен Қазақстанның халықаралық қатынастардағы мүддесін білдіреді, Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылда Президент атынан өкілдік етеді. Сонымен қатар, Президент атынан қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен байланыс орнатады.

Вице-президентке бірқатар шектеулер де қойылады. Ол өкілді органның депутаты болмауға, өзге ақылы қызмет атқармауға, кәсіпкерлікпен айналыспауға және өкілеттік мерзімінде саяси партия мүшесі болмауға тиіс. 

Бұл талаптар саяси бәсекелестікті күшейтуге және барлық партияларға тең жағдай жасауға бағытталған.

Комментарии
Другие материалы