Ет сасыса тұз себеміз, тұз сасыса не себеміз? — Әлібек Алмабаев

126
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/UxRj6IbaPUCwpx9uOli6GuE55bVF35cmni5frMqZ.jpg

Қазақта бір терең мақал бар: «Ет сасыса тұз себеміз, тұз сасыса не себеміз?»

Бұл — жай тұрмыстық тәмсіл емес. Бұл — қоғамдағы әділет пен жауапкершілік туралы философиялық сұрақ.
Сот — әділеттің тұзы. Ал егер сол тұздың өзі дәмін жоғалтса ше?
2025 жылғы 13 қарашада Алматы қаласы Медеу ауданы №2 аудандық соты Мирболат Бишуиновты ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырды. 2026 жылғы 27 қаңтарда апелляциялық саты бұл үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Соттың пайымынша, әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбадағы сөздер «ұлттық алауыздықты қоздыру» болып танылған.
Ал енді заң тілімен сөйлеп көрейік.
ҚР ҚК-нің 174-бабы — ең ауыр, ең қауіпті құрамдардың бірі. Ол үшін:
1. қасақана ниет болуы тиіс;
2. нақты ұлттық топқа қарсы бағытталған әрекет болуы керек;
3. араздықты қоздыру немесе кемсіту айқын көрінуі шарт;
4. қоғамға реалды қауіп төнуі қажет.
Ал іс материалдарынан не көреміз?
М. Бишуинов айтқан сөздер:
«Мемлекеттік тілді неге білмейсіз?», «Сіз білуге міндеттісіз», «Онда орныңызды босатыңыз», «Қазақтарға қарсысыз ба?».
Бұл — мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап еткен тұтынушының эмоциялық реакциясы.
Бұл жерде:
• бірде-бір этносты қорлау жоқ;
• зорлыққа шақыру жоқ;
• ұлттың «төмендігі» немесе «артықшылығы» туралы тұжырым жоқ.
Керісінше — ҚР Конституциясының 7-бабында бекітілген мемлекеттік тіл нормасын талап ету ғана бар. Мирболаттың парақшасында 115 қаралым, 35 пікір бар. Осыны қоғамдық қауіп деп атауға бола ма?
Бұл — құқықтық тұрғыдан қылмыс емес, азаматтық наразылық. Және жай наразылық емес. Бұл патриоттық наразылық. Сонда ұлт патриоты болу – қылмыс па?
ҚР ҚПК 24-бабында — тараптардың жарыспалылығы (состязательность), 25-бабында — тараптардың тең құқықтылығы (равноправие сторон) қарастырылған.
Ал іс жүзінде не болды?
Қорғау ұсынған:
• филология ғылымдарының докторы Қайыржановтың,
• филология кандидаты Таусоғарованың қорытындылары сотпен ескерілмеді.
Ал негізгі дәлел ретінде психологиялық мамандығы жоқ филолог Сансызбайдың сараптамасы алынған.
Бұл — ҚР ҚПК 275-бабын тікелей бұзу болып табылады. Себебі сараптама мамандыққа сәйкес жүргізілуі тиіс. Әйтпегенде ол ҚПК 112 бабындағы талапқа сәйкес - жол берілмейтін, іске қатысты емес айғақ болып табылады.
Сот бір тараптың дәлелін қабылдап, екіншісін ысырып тастаған. Бұл — жарыспалылық емес. Бұл — айыптау бағытын жүзеге асыру деп бағалануы тиіс. Бұл менің емес, бұл конституциялық заңның талабы.
ҚПК 118-бабы: дәлелдемелер жиынтығымен бағалануы тиіс.
Ал мұнда:
• жалғыз ғана куәгер мен жәбірленушінің сөзі бар,
• бірақ олардағы контекст ескерілмеген;
• қорғау сараптамалары бар,
• бірақ назардан тыс қалған.
Апелляциялық сот ҚПК 433-бабын формалды қолданып,
«бұзушылық жоқ» деп бір-ақ сөйлеммен шектелген. Бұл — анализ емес. Бұл — жай мөр басу, яғни de facto.
Конституцияның 20-бабы — сөз еркіндігі. Халықаралық пакт (ICCPR) 19-бап — пікір білдіру құқығы. Бишуинов ешкімді ұрып-соққан жоқ. Ешбір ұлтты кемсітпеді. Тек мемлекеттік тілде жауап беруді талап етті.
Ал оған берілген жаза — 4 жыл бас бостандығынан айырып түрмеге қамау.
Бұл — пропорционалдылық принципінің өрескел бұзылуы (ҚК 52-бап).
Бұл іс — экстремизм туралы емес. Бұл іс — азаматтың тілдік құқығы туралы. Бұл үкім — қоғамға қауіпті адамға емес, өз құқығын талап еткен адамға шығарылған. Сот — тұз болуы тиіс еді. Ал бұл жерде сол тұздың өзі ...
Сонда біз не істейміз? 

Анықтама:
Бишуинов Мирболат Мырзатайұлы - қоғам белсендісі:
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қатысушысы;
Кәсіби журналист және блогер;
Отбасылы, 4 баланың әкесі, оның 2-і кәмелеттік жасқа толмаған;
Семей ядролық полигонының зардап шегушісі;
Бұрын сотты болмаған.
«Журналистік зерттеулер агенттігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Кәсіби заңгер, Әлібек Алмабаев
13.02.2026 ж.

Комментарии
Другие материалы