Пезешкиан кешірім сұрағаннан кейін де Иранның көрші елдерге шабуылы тоқтамады

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/78IFCWa03JlFmhDSI7y5enE0hG52g502eLaJmg2H.jpg

Иран президенті Масуд Пезешкианның кешірім сұрағанына қарамастан, елдің қарулы күштері көрші мемлекеттерге жасалған шабуылдарын тоқтатпағаны хабарланды. Бұл туралы бірқатар Таяу Шығыс елдерінің ресми органдары мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы DW сайтына сілтеп.

Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) билігі 7 наурыз күні таңертеңнен бастап Иран тарапынан ел аумағына 16 зымыран мен 121 ұшқышсыз ұшу аппараты (дрон) ұшырылғанын хабарлады. Ресми мәліметке сәйкес, бұл шабуылдар Иран президентінің көрші елдерге қарсы әскери әрекеттерді тоқтатуға уәде бергенінен кейін де жалғасқан.

Сонымен қатар, Катар мен Бахрейннің әскери ведомстволары да өз аумақтарына Иран тарапынан шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Алайда олар оқиғаға қатысты нақты мәліметтер мен шығындар туралы толық ақпарат бермеді.

Ал Сауд Арабиясы өз әуе қорғаныс күштері Шайба мұнай кен орнында бірнеше дронды және Эр-Рияд қаласының оңтүстік-шығысында орналасқан америкалық әуе базасының маңында екі зымыранды әуеде жойғанын хабарлады.

Бұған дейін Иранның мемлекеттік телеарнасы президент Масуд Пезешкианның халыққа жасаған үндеуін жариялаған болатын. Онда ол көрші мемлекеттердің аумағына жасалған соққылар үшін кешірім сұрап, егер олардың аумағынан Иранға қарсы шабуылдар жасалмаса, Тегеран басқа елдерге соққы жасауды тоқтататынын айтқан.

Президенттің айтуынша, мұндай шешімді Ислам Республикасының уақытша басқарушы кеңесі қабылдаған.

Алайда кейінірек Иран Қарулы күштерінің орталық қолбасшылығы мәлімдеме жасап, америкалық және израильдік әскери нысандарға қарсы соққылар олардың қай жерде орналасқанына қарамастан жалғаса беретінін хабарлады.

 

 

Комментарии
Другие материалы