Ирандағы «улы бұлт». Қазақстан мен Өзбекстан метеоқызметтері не дейді?

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/pL64YArxi9AruBWMYygLopwERHHXlVhqWD4EEC1Y.webp

Әлеуметтік желілерде Иран аумағында пайда болған қышқылды бұлттар Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстанға жетуі мүмкін деген ақпарат тарады. Алайда Қазақстан мен Өзбекстанның метеорологиялық қызметтері бұл мәліметтердің ғылыми негізі жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

Oblako.uz басылымының хабарлауынша, Иранда мұнай инфрақұрылымына жасалған бірнеше соққыдан кейін экологиялық жағдай күрделенуі мүмкін деген ақпарат тараған. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, соққы жасалған аймақтардың үстінде улы химиялық қосылыстардан тұратын ірі бұлт пайда болғаны айтылған.

Басылым дерегінде Иранның кейбір аймақтарында тұрғындар ауада ерекше қара түсті жауын-шашын байқалғанын және химиялық иіс сезілгенін хабарлағаны жазылған. Болжам бойынша, ауа ағындары бұлтты Орталық Азия мен Қытай бағытына қарай алып кетуі мүмкін деген пікір айтылған. Әсер етуі ықтимал елдер қатарында Қазақстан, Өзбекста және Қырғызстан аталған.

Алайда Қазгидромет бұл ақпараттың бақылау нәтижелерімен расталмайтынын мәлімдеді.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, Қазақстан бағытына қышқылды жауын-шашынның таралуы мүмкін деген ақпарат ғылыми деректерге сәйкес келмейді. Мониторинг нәтижелері бойынша Ираннан Қазақстанға қауіпті заттардың таралу белгілері тіркелмеген.

Мамандардың түсіндіруінше, қышқылды жауын-шашын атмосфераға өнеркәсіп, энергетика және көлік салаларынан бөлінетін күкірт пен азот оксидтерінің әсерінен қалыптасады. Әдетте мұндай ластаушы заттар олардың пайда болған аймақтарына жақын жерде шоғырланады.

Ал олар ұзақ қашықтыққа таралған жағдайда табиғи атмосфералық процестердің әсерінен концентрациясы едәуір төмендейді. Сондықтан мыңдаған шақырым қашықтықта қауіпті деңгейдегі қышқылды жауын-шашынның пайда болуы өте сирек кездеседі.

2026 жылғы 9 наурызда Өзгидромет те әлеуметтік желілер мен кейбір БАҚ-та тараған «Ираннан қышқылды бұлттар Орталық Азияға жетуі мүмкін» деген ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.

Агенттік мәліметінше, атмосфералық ауаның сапасын бақылау және метеорологиялық бақылаулар барысында улы заттардың алыс қашықтыққа таралу белгілері анықталмаған. Атап айтқанда, қышқылды жауын-шашын тудыруы мүмкін күкірт оксиді (SO₂) мен азот диоксиді (NO₂) қауіпті деңгейде тіркелмеген.

Мамандардың айтуынша, мұндай заттар мыңдаған шақырымға тараған кезде турбуленттілік, шашырау және табиғи шөгу салдарынан олардың мөлшері айтарлықтай азаяды. Сондықтан қауіпті деңгейдегі қышқылды жауын-шашынның қалыптасуы іс жүзінде мүмкін емес.

Метеорологтар азаматтарға тек ресми метеоқызметтер мен экологиялық ведомстволардың деректеріне сүйенуге кеңес береді. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде тараған тексерілмеген әрі дүрбелең туғызуы мүмкін ақпараттарды таратпауға шақырады.

 

Комментарии
Другие материалы