Көрісу күніндегі көңіл күй

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/saFtoU4OvJxIinVCpRVwt4Qy4n52k3jWJanjEP2O.jpg

14 наурыз күні Көрісу мерекесіне орай Орал қаласындағы Атамекен өнер ордасы сахнасында «Наурыз-думан» атты мерекелік концерт өтті.

Тағылымы мол мәдени шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, өңір тұрғындарын Амал мерекесімен құттықтады.

Кеш шымылдығы ерекше қойылыммен ашылды. Сахнада қыс мезгілін бейнелейтін хореографиялық композиция көрсетіліп, 3D эффектілер мен оркестр сүйемелі арқылы табиғаттың жаңаруы көркем суреттелді. Қыстың ызғары мен көктемнің жылуы көрініс тапқан қойылым көрерменді мерекелік көңіл күйге бөледі. Кейін сахнаға шыққан өнерпаздар үлкен-кіші болып көрісіп, Амал мерекесінің мәнін айшықтады.

Концерт барысында жыр-терме, халық әндері, күйлер мен билер орындалып, ұлттық өнердің сан қыры көрерменге ұсынылды. Алғашқы болып терме орындаған Кеңесары Болғанбаев Көрісу мен Наурыздың маңызын жырға қосты. Скрипкашылар ансамблі Евгений Брусиловскийдің «Шашу» шығармасын орындап, «Атамекен» халық биі ансамблі «Нұр гүлі» биін ұсынды.

Сахна төрінде қазақтың дәстүрлі ән өнері де кеңінен насихатталды. Ғарифолла Құрманғалиевтің «Сәлем, Қазақстан» әнін «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкімов орындап, дәстүрлі әншілер шеруі көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ концертте «Дудар-ай», «Гауһар тас», «Ақбақай», «Ақсиса», «Илигай», «Гүлдерайым» сынды халық әндері орындалды.

Күй өнері де назардан тыс қалмады. Құрманғазы мен Динаның күйлерінен құралған күй тартысында Аслан Ғұмаров, Тұрлыхан Абуханов және Әділет Жолдығали өнер көрсетіп, қос ішектен күй төгілді.

Кеш барысында облыс әкімі Нариман Төреғалиев жиналған жұртшылықты Көрісу күнімен құттықтап, бұл мерекенің халық бірлігі мен татулығын нығайтатын тағылымды күн екенін атап өтті.

— Әлем әрі-сәрі күй кешкен қазіргі кезеңде бізге бірлік пен татулықтың қаншалықты құнды екенін терең түсініп отырмыз. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, түрлі салалардағы оң өзгерістер – тұғырлы Тәуелсіздіктің жемісі. Ендеше осы құндылықты көздің қарашығындай қорғап, мемлекет мүддесі мен халық игілігі жолында жұдырықтай жұмылып еңбек ету – баршамызға ортақ жауапкершілік. Көрісу күніндегі көп тағылымның бірі де осы, – деді өңір басшысы.

Мерекелік кештің финалында өнерпаздар Нұрғиса Тілендиевтің Өз елім әнін бірге орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Ұлттық өнер мен дәстүрді дәріптеген мазмұнды шара ақ батамен түйінделді.


Комментарии
Другие материалы