Шымкентте Наурыз мерекесі аясында «DamDastour» халықаралық гастрономиялық фестивалі өтуде

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/2vJGgGCc3NKqiEXrSAFGFhxpRaMoDQfSdjXxMuRv.jpg

Қала орталығындағы Әл-Фараби алаңы мерекелік гастрономиялық кеңістікке айналып, тұрғындар мен қонақтарға ерекше мәдени әрі дәмдік атмосфера сыйлауда.

Фестивальдің басты мақсаты – ұлттық және әлемдік асхананың үздік үлгілерін кеңінен таныстыру. Келушілер қазақтың дәстүрлі тағамдарынан бастап, еуропалық және азиялық асхананың түрлі дәмін татып, көпұлтты мәдениеттің ерекшеліктерімен танысуда. Алаңда Наурыз мейрамының басты тағамы – наурыз көженің бірнеше түрі ұсынылуда.
Іс-шараға Қазақстаннан және шетелдерден келген халықаралық деңгейдегі 10 аспаз қатысуда. Олар авторлық тағамдарын ұсынып, аспаздық шеберліктерін көрсетуде. Атап айтқанда, бельгиялық аспаз Жан Ашнер «мидии по-бельгийски» тағамын, швейцариялық Томас Мюллер ірімшік негізіндегі фирмалық асын ұсынуда. Сонымен қатар, ресейлік Евгений Чеканин, әзербайжандық Эмиль Алиев, франциялық Николя Лезёр, түркиялық Аббас Ишик, грузиялық Иосеби Джабанашвили, қырғызстандық Берик Эгинбаев, өзбекстандық Ахмад Хамдамов және сербиялық Даниела Пантич өз тағамдарын көпшілік назарына ұсынуда.
Фестиваль аясында бірнеше номинация бойынша гастрономиялық байқаулар ұйымдастырылған. Қатысушылар «үздік кәуап», «үздік палау», «үздік самса» және «үздік ұлттық тағам» аталымдары бойынша бақ сынауда.
Сонымен қатар, фестивальге шамамен 50-ге жуық жергілікті мейрамхана қатысып, келушілерге сан түрлі тағамдар ұсынуда. Олардың қатарында Grand Praga, BOZJYRA, Calista, Barvilla, Mimino, Mozzarella by Meyram Group, Afsona, Көксарай, Dushevnaya Kukhnya, STEAKFIELD, Мадлен, Istanbul, Kamshat, Kausar және Jeti Tandir бар.
Фестиваль тек гастрономиялық бағытпен шектелмей, кең ауқымды мәдени-ойын-сауық бағдарламасымен толықтырылған. Келушілер үшін street style және K-pop бағыттарындағы би сайыстары, домбырашылар ансамблінің өнері, батырлар шоуы, цирк қойылымдары, мотошеру мен автокөліктер көрмесі ұйымдастырылуда.
Іс-шара бірнеше тақырыптық аймаққа бөлінген. Этноаймақта халықаралық аспаздардың шеберлік сабақтары мен ұлттық тағамдар байқауы өтсе, еуропалық аймақта заманауи шоу-бағдарламалар ұсынылуда. Ал Арбат аймағында қолөнершілер жәрмеңкесі ұйымдастырылып, ұлттық бұйымдар көпшілік назарына ұсынылған.
Фестивальдің ресми ашылуы салтанатты түрде өтіп, кешкі уақытта жеңімпаздарды марапаттау рәсімі мен концерттік бағдарлама жоспарланған.
«DamDastour» халықаралық гастрономиялық фестивалі – тек тағам мерекесі ғана емес, халықтар мәдениеті мен дәстүрін тоғыстыратын, Наурыздың шынайы рухын айшықтайтын және қоғамды біріктіретін ауқымды мәдени алаңға айналып отыр.

Комментарии
Другие материалы