Пәкістан АҚШ пен Иран арасындағы келіссөзге алаң ұсынуға дайын

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/9F7OW8dvmsci30pE8FutPwy0BGd48xaNTC4cT1W3.jpg

Пәкістан АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тоқтату мақсатындағы келіссөздерге алаң ұсынуға дайын. Бұл туралы 24 наурызда ел премьер-министрі Шахбаз Шариф мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол Исламабадтың Таяу Шығыстағы соғысты тоқтату мақсатында жүргізіліп жатқан диалогты толық құптайтынын жеткізді.

«АҚШ пен Иран келісім берген жағдайда, Пәкістан мазмұнды әрі түпкілікті келіссөздерді өткізуге жәрдемдесу үшін қабылдаушы тарап болуға дайын және мұны өзі үшін үлкен мәртебе санайды. Бұл келіссөздер жалғасып жатқан қақтығысты жан-жақты реттеуге бағытталады», – деп жазды Шахбаз Шариф.

Tasnim агенттігінің хабарлауынша, дүйсенбі күні Иран президенті Масуд Пезешкиан Шарифпен телефон арқылы сөйлесіп, Тегеранның өңірлік ынтымақтастыққа бейілділігін растаған.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп  Вашингтон Ирандағы «қажетті адамдармен» жағдайды талқылап жатқанын және олардың «келісімге келуге мүдделі екенін» жеткізген еді. Трамптың сөзінше, америкалық тараптан келіссөздерге АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен вице-президент Джеймс Дэвид Вэнс қатысуда.

АҚШ көшбасшысы сондай-ақ Тегеран ядролық қару әзірлеуден бас тартуға дайын екенін мәлімдеді, бірақ оқиғаларды алдын ала болжамауға шақырды.

Еске салайық, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 21 наурызда Таяу Шығыс келіссөзіне Түркістанды алаң ретінде ұсынған болатын. Ол Қазақстанның қақтығыс аймағына жақын өңірде орналасқанын атап өтіп, елдің бейбіт ұстанымды қолдайтынын жеткізген.

Комментарии
Другие материалы