«Қайым Мұхамедханов ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихында және оның ғылыми-мәдени мұрасы»

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/YyvX6qZYNwrQIE96x8eS16JUqfZ5BbXMqWsM22um.jpg

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты 2026 жылғы 7 сәуірде «Қайым Мұхамедханов ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихында және оның ғылыми-мәдени мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізеді.

Ғалымның тарихи миссиясы және өзектілігі.

Қайым Мұхамедханов (1916–2004) – ғалым, 1945 жылғы Қазақ КСР Мемлекеттік Гимні мәтінінің авторы, 1940 жылы Семей қаласында алғашқы мемлекеттік Абай әдеби-мемориалдық музейін ұйымдастырушы, зерттеуші-текстолог, ақын, жазушы, драматург, аудармашы, ұстаз-тәлімгер және қоғам қайраткері. Қ. Мұхамедхановтың ғылыми және мәдени мұрасы, оның Отанға деген қызметі XXI ғасырда да айрықша өзектілігін жоғалтқан емес. Оның сан қырлы қызметі ұлттық мәдениетті сақтаумен, маңызды тарихи құжаттар мен материалдарды ғылыми айналымға енгізіп, жүйелеумен тығыз байланысты. 

Оның мұрасын ғылыми салада (тарихи, философиялық, психологиялық және т.б.) кешенді пәнаралық тұрғыда зерттейтін дербес бағыт – «қайымтануды» қалыптастыру қажеттігі атап көрсетіледі. Білім беру саласында ғалымның тағдыры мен ғылыми-мәдени мұрасын Қазақстан тарихы және сабақтас пәндер курстарында жүйелі түрде оқыту қажеттігі туындап отыр.

Конференция ғалым мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеуге және оның тұлғасының Қазақстан тарихындағы рөлін зерттеуге арналған маңызды алаң болмақ. Бұл мәдениетте, ғылымда және білім беру саласында тарихи жадты сақтауда айрықша мәнге ие.

Іс-шараның мақсаты: тарих ғылымы мен тәуелсіз Қазақстанның ұлттық мәдениетінің дамуына үлес қосу; ғылымдағы этика мен рухани-тарихи сабақтастықты сақтау арқылы «Адал азаматты» тәрбиелеуге ықпал ету.

Конференцияның міндеттері:

– Қ. Мұхамедхановтың атын және еңбектерін мәңгі есте сақтау ісінде тарихи әділдікті сақтау.

– Қ. Мұхамедхановтың ғылым мен білімді сақтау мен дамытуға қосқан сан қырлы үлесін қарастыру.

– Қ. Мұхамедханов туралы материалдарды жоғары оқу орындары мен мектептерде Қазақстан тарихы оқулығына енгізудің қажеттілігін негіздеу.

– Ғалымның тарихи сабақтастығы, тағдыры және халқына қызметін ғылыми тұрғыдан зерделеу (оның ішінде «Әке мен бала», «Ер қазақ», «Ұстаз бен шәкірт», «Абай–Алаш», «Рухани сабақтастық» тақырыптарындағы бағыттар шеңберінде).

– Қ. Мұхамедханов 1950 жылдардағы ғалымдар мен шығармашылық қызметкерлеріне қарсы репрессия кезеңінде.

– 1960–1980 жылдардағы кеңес дәуіріндегі ғалымның тағдыры.

– Қазіргі кезеңдегі Қ. Мұхамедханов мұрасының өзектілігі.

Ғалымдарды, оқытушыларды, ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлерін, докторанттарды, магистранттарды, жас зерттеушілерді және барлық мүдделі тұлғаларды конференция жұмысына қатысуға шақырамыз.

Өтетін орны: 050100, Алматы қ., Шевченко көшесі, 28, «Ғылым ордасы» ғимараты, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты (3-қабат, кіші конференц-зал)

Конференция жұмысының басталуы – 11:00, қатысушыларды тіркеу – 10:30.

Комментарии
Другие материалы