“Сұңқар” ма, әлде қырғи ма? Бірнеше жылдық “Бәйтеректің” зымыраны тағы да ұшпай қалды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/p4lBKE4igEcBOSBOSYCX1QVHSQHcw6vT9O9AgEJ8.jpg

Қазақстан мен Ресейдің бірлескен «Бәйтерек» жобасы аясында жоспарланған «Сұңқар» зымыранының алғашқы ұшырылымы тағы да кейінге шегерілді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Бұл жолы ол 30 сәуірге ауыстырылды.

«Ұшыру ертеңге сағат 16:00-ге ауыстырылды»,–делінген хабарламада.

Еске салайық, бүгін Байқоңырда сағат 16.00-ге жоспарланған «Сұңқар» зымыранының ұшырылымы екі сағатқа шегерілген еді. Оған екінші сатыдағы тотықтырғыш бактарында қысымның төмендеуі себеп болған.

Бастапқыда «Сұңқар» зымыранын 27 наурызда ұшыру жоспарланған. Алайда техникалық себептерге байланысты старт күні бірнеше рет резервтік күндерге ауыстырылған.

«Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені — Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобасы. Ол «Байқоңыр» кешенінде экологиялық таза отын компоненттерін пайдаланатын зымырандармен ғарышқа ұшыру жұмыстарын жүргізуге арналған жерүсті инфрақұрылымды құруды көздейді. Жоба 2004 жылы құрылған, ал 2005 жылы сол кездегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің Байқоңырға сапары кезінде ресми түрде іске қосылған.

Бастапқыда «Ангара» зымыран-тасығышын пайдалану жоспарланған, ал оған арналған ұшыру кешенін №200 алаңдағы бұрынғы «Протон» зымыранының №40 ұшыру қондырғысының орнында салу көзделген еді.

Кейін Ресей жоспарын өзгертіп, құрылыс үшін №250 алаңдағы бұрын «Энергия» зымыранын сынауға арналған әмбебап стенд-старт орнын ұсынды. Алайда бұл жоба да жүзеге аспады.

Кейінірек «Зенит» зымырандарын ұшыру бағдарламасы аяқталған соң, №42 алаңдағы құрастыру-сынақ корпусы мен №45 алаңдағы ұшыру кешенін қамтитын барлық жерүсті инфрақұрылым «Байқоңыр» кешенін Ресей Федерациясының жалға алу келісімінен шығарылып, Қазақстан тарапына — «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорнына берілді.

«Ангара» зымыранының орнына, оған арналған ұшыру кешенінің құрылысы басталмағандықтан, жаңа «Сұңқар» зымыран-тасығышы бекітілді. Бұл зымыран үшін «Зенит» кешенінен қалған инфрақұрылымды белгілі бір жаңғыртулар арқылы пайдалануға мүмкіндік болды.

«Сұңқар» зымыран-тасығышы — орта класты екі сатылы зымыран. Ол Ресейдегі «РКЦ Прогресс» акционерлік қоғамында өндіріледі. Оны ұшыруға соңғы бірнеше жыл талпыныс жасалғанымен, үнемі кейін сырғытылып келеді. Зымыран айлаққа қойылған соң да оны ұшыру ондаған мәрте кейінге шегерілді. 

Техникалық сипаттамалары: зымыранның биіктігі — бас қаптамасына байланысты 58,8 м немесе 65,2 м; диаметрі — 4,1 м; ұшыру массасы — 526–531 тонна; төменгі Жер орбитасына шығаратын пайдалы жүк массасы — 17,4 тонна; геостационарлық орбитаға — 2,5 тонна.

Қолданылатын отын мен тотықтырғыш — экологиялық қауіпсіз нафтил (керосин түрі) және сұйық оттегі.

Бұған дейін ресейлік БАҚ-тың зымыран атауына қатысты дауын жариялаған едік. Ал былтыр Байқоңырдағы Гагарин старт алаңының орнынан көне өркениет ошағы табылғаны белгілі болды.

Комментарии
Другие материалы