Алматыда «Sport Consulting Forum» қоғамдық бірлестігі таныстырылды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/1Q6NyfH3BNixWi1yZWYsm3Mg4KabxYYTduehzwZ5.webp

29 сәуірде Алматы қаласында Қазақ спорт және туризм академиясының базасында жаңа «Sport Consulting Forum» қоғамдық бірлестігінің құрылтай конференциясы мен тұсаукесері өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Іс-шараға мемлекеттік орган өкілдері, спорт ұйымдары, сондай-ақ Қазақстанның даңқты спортшылары – Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарының жеңімпаздары және жүлдегерлері қатысты. Олардың қатарында спорттық гимнастикадан бес дүркін Олимпиада чемпионы Нелли Ким, шаңғы жарысынан Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов, футболдан Олимпиада чемпионы Евгений Яровенко, ауыр атлетикадан әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков, грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев болды.

Конференция барысында спортшыларды даярлаудың жаңа моделі қалыптасатыны айтылды. Стратегиялық мақсат ретінде 2044 жылға қарай, яғни Қазақ спорт және туризм академиясының 100 жылдық мерейтойына орай, Қазақстанда әлемдік жетекші орталықтармен бәсекелесе алатын заманауи білім беру және спорттық ғылыми база құру міндеті қойылып отыр. Жиын соңында танымал спортшылар академия студенттерімен жүздесіп, тәжірибелерімен бөлісті.

Айта кетейік, жаңа ұйым тәуелсіз сараптамалық ғылыми-әдістемелік алаң ретінде құрылды. Ол Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық олимпиада комитеті және спорт федерациялары сияқты мемлекеттік органдардың функцияларын алмастырмайды. Бірлестіктің негізгі миссиясы — балалар арасындағы спорттық таланттарды ерте анықтау, олардың дамуын ғылыми тұрғыда сүйемелдеу және заманауи ғылыми жетістіктерді қолдана отырып, Олимпиада тұғырына дейін жеткізу.

Фото: Informburo.kz

 

Комментарии
Другие материалы