Қазақстандағы алғашқы крематорий. Мәйітті өртеу құны қанша?

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/3Se3NcR1DTH6pstyxjHomkyvU5KUPvj7CGHcOurt.jpg

Алматы қаласында Қазақстандағы алғашқы крематорий ресми түрде іске қосылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Нысан 30 сәуірден бастап жұмыс істейді. Ол Алатау ауданында, патологиялық-анатомиялық бюро жанында орналасқан.

Мамандардың айтуынша, крематорийдің орналасу орны санитарлық және экологиялық талаптарға сай таңдалған. Ғимарат маңында тұрғын үйлер жоқ, ал қолданылатын технологиялар қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Мұнда чех өндірісінің екі камералы заманауи жабдығы орнатылған: бірінші камерада мәйіт өртенсе, екіншісінде зиянды заттар толық жойылады.

Крематорий бірнеше бөлімнен тұрады. Нақтырақ, мәйіт қабылдау залы, сақтау бөлмесі, секциялық зал және кремация пештері орналасқан аймақ. Сондай-ақ жақындарына арналған қоштасу және процесті бақылау бөлмелері қарастырылған.

Мәйітті өртеу процесі шамамен екі сағатқа созылады. Пештер 800–1100°C температурада жұмыс істейді. Толық кремациядан кейін орта есеппен 2,5 келі күл қалады. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, кремация тек көзі тірісінде жазбаша келісім берген адамдарға ғана жүргізіледі. Егер өлім қылмыстық сипатта болса, мұндай рәсімге рұқсат етілмейді.

Қызметтің базалық құны – 240 мың теңге. Алайда мәйітті тасымалдау, сақтау және дайындау қызметтері бұл бағаға кірмейді.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда кремациядан кейін күлді кез келген жерге шашуға заң бойынша тыйым салынған. Әдетте күл арнайы сауытқа салынып, зиратқа жерленеді. Ал колумбарийлер әзірге жоқ, бірақ Алматы әкімдігі мұндай нысандарды салу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Еске сала кетейік, крематорий құрылысы бірнеше рет кейінге шегерілген. Жоба 2021 жылдан бері түрлі техникалық және қаржылық себептерге байланысты созылып келген еді.

Комментарии
Другие материалы