Түркістанда Ұлы Жеңістің  81 жылдығы салтанатты түрде аталып өтті

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/9xTJOApza1L7wJWzRLpKArdIH6R54orhH3ymjrvd.jpg

Түркістандағы «Жеңіс» саябағы аумағындағы «Даңқ» мемориалдық кешенінде Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Тағылымы мол мерекелік жиынға еңбек және тыл ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, әскери қызметкерлер, жастар және қала тұрғындары қатысты.

Салтанатты рәсім барысында сұрапыл соғыс жылдарында қаза тапқан боздақтардың рухына бір минут үнсіздік жарияланды. Сондай-ақ «Мәңгілік алау» басына гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылып, майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерен ерлігіне тағзым жасалды.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров көпшілікті Жеңіс мерекесімен құттықтап, екінші дүниежүзілік соғысындағы халқымыздың, ардагерлеріміздің жанқиярлық ерлігі мен бейбіт өмір жолындағы тарихи еңбегіне тоқталды.

– Сіздерді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!  Бұл мереке – өшпес ерліктің символы. Екінші дүниежүзілік соғыста қазақтар жанқиярлықпен соғысып, ерекше батырлық танытты. Батырларымыз от кешіп, оққа қарсы тұрды. Тылдағы жұрт та жан аямай еңбек етіп, жеңіске өз үлестерін қосты.  Осылайша, фашизмге тосқауыл қойылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, Қазақстан адамзаттың ортақ жеңісіне, әділдік пен бостандықтың салтанат құруына өлшеусіз үлес қосты. Елімізден 1,2 миллионнан астам жауынгер майданға аттанып, тең жартысы оралмады. Олардың арасынан талай батырлар мен даңқты жауынгерлер шықты. 500-ден астам жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Оңтүстік өңірінен 140 мыңнан астам азамат соғысқа аттанып, тең жартысы отан үшін құрбан болды. Олардың асқақ рухы мен жанқиярлығы – ұмытылмас өнеге. Біз аталарымыздың ерлігін дәріптеп, келер ұрпаққа жеткізе береміз. Бүгінде жеңісті жақындатқан қарт сарбаздарымыздың қатары сиреп барады. Облысымызда Ұлы Отан соғысының небәрі 3 ардагері ғана қалды. Олар – тірі тарих, өшпес өнеге. Сонымен қатар 3 мыңнан астам тыл ардагері бар. Мемлекет тарапынан оларға әрдайым қамқорлық көрсетіле береді. Біз батырларымызды ешқашан ұмытпаймыз. Баршаңызды Жеңіс күнімен тағы да құттықтаймын! Елімізде әрдайым бейбітшілік орнасын! Ұрпағымыз аман, Тәуелсіздігіміз баянды болсын! – деді Нұралхан Көшеров. 

Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов ардагерлерге құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың қасиетті парызы екенін атап өтті.

Мерекелік жиын аясында қатысушылар «Даңқ» аллеясын аралап, ерлікпен қаза тапқан батырлардың есімдері қашалған ескерткіштерге тағзым етті. Іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасып, патриоттық әндер шырқалды.

Айта кетейік, Бүгінде Түркістан облысында Ұлы Отан соғысының 3 ардагері қалды. Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген адамдар – 1462, тыл ардагерлері – 2 082.
Қазіргі таңда, Ұлы Отан соғысының ардагерлері өңірдің үш ауданында, атап айтқанда, Сайрам, Сарыағаш, Жетісай аудандарында тұрады. Оларға мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Биыл ардагерлерге 5 миллион теңгеден тапсырылды. Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген адамдарға, тыл ардагерлеріне, қайтыс болған соғыс мүгедектерінің әйелдеріне де заң шеңберінде бірреттік әлеуметтік көмек қарастырылған.

 

Комментарии
Другие материалы