Бүгін – Аналар күні

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Zd9YK87S6fj1Bl1NWJoP5tUoqtP6dkPCvNvG8bNm.jpg

Мамыр айының екінші жексенбісінде елімізде жүрекке жылу сыйлайтын ерекше мерекелердің бірі – Аналар күні атап өтіледі. Бұл күн ананың адам өміріндегі орны мен қоғамдағы рөлін айшықтайтын маңызды мереке саналады. 

Ана – отбасының берекесі мен ұйытқысы ғана емес, ұрпақ тәрбиесіне, рухани құндылықтардың қалыптасуына ықпал ететін басты тұлға.

Аналар күні әлемнің көптеген елінде кеңінен тойланады. Атап айтқанда, АҚШ, Канада, Германия, Италия, Түркия, Жапония, Бразилия және Аустралия сияқты 20-дан астам мемлекетте мереке мамыр айының екінші жексенбісіне белгіленген. Қазақстанда да бұл күннің маңызы ерекше. Ол ана мәртебесін дәріптеп, отбасы құндылықтарын насихаттауға бағытталған.

Мемлекет тарапынан аналарды қолдау мен қорғау әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі болып саналады. Себебі ана – тек отбасының тірегі ғана емес, ұлттық құндылықтар мен ізгі тәрбиені ұрпақ бойына сіңіретін негізгі тұлға.

Осы бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған «Аналар кеңесі» белсенді жұмыс атқарып келеді. Қазіргі таңда кеңестің республика бойынша 1713 бөлімшесі бар. Оның ішінде 17 облыстық, 56 қалалық, 159 аудандық және 1481 ауылдық бөлімше қызмет етеді. Кеңес құрамында 16 мыңнан астам әйел бар.

«Аналар кеңесі» отбасы институтын нығайтуға, жастар тәрбиесіне, ұлттық салт-дәстүр мен отбасылық құндылықтарды дәріптеуге өз үлесін қосып келеді.

Осынау мерекелі күні барша аналарға зор денсаулық, амандық пен бақ-береке тілейміз. Әр шаңырақта шаттық пен сыйластық орнап, балалар ата-анасының мақтанышына айнала берсін.

Комментарии
Другие материалы