Қазақ әдебиеті мен руханияты ауыр қазаға ұшырады. Белгілі қаламгер, ақын, аудармашы Серік Құлжақанұлы бүгін, 20 мамыр күні Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай аудандық ауруханасында дүниеден өтті. Қаралы хабарды алаштанушы Әділет Ахмет өзінің Facebook парақшасында жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.
«Марқұммен қоштасу және жаназа намазы 22 мамыр күні сағат 10:00-де Қатонқарағай ауылындағы өз шаңырағында өтеді (Абай көшесі, 72)”, делінген жазбада.
Серік Құлжақанұлы 1982 жылы Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесіне қарасты Алтай қаласы, Алағақ ауылында дүниеге келген. Ол қазақ және қытай тілдерінде қатар қалам тербеген дарынды ақын, прозашы әрі кәсіби аудармашы ретінде танылды.
Білім жолында Шыңжаң педагогикалық университетінде көне қытай тілі мамандығы бойынша білім алып, кейін Қытайдың Солтүстік-Шығыс педагогикалық университетінің психология факультетінде оқыған. 2016 жылы Қытай аудармашылар қауымдастығы жанындағы екітілді аударма курстарында біліктілігін жетілдірсе, 2018 жылы Лу Синь атындағы Әдебиет институтының жоғары деңгейлі әдеби семинарында білімін толықтырған.
Қаламгердің өлеңдері мен прозалық шығармалары Қытайдағы түрлі әдеби басылымдар мен журналдарда жарық көрген. Ол қазақ және қытай тілдерінде ондаған көркем әңгіме мен әдеби туындылар жазып, әдебиет пен мәдениет саласында өнімді еңбек етті.
Серік Құлжақанұлы аударма саласында да айрықша із қалдырды. Қазақ тіліне қытай поэзиясынан жүзден астам өлең аударып, Ху Шидің «Қырық жылдық өмірбаян» еңбегін және танымал «Жылдағы 8760 сағат» кітабын қазақша сөйлетті. Сонымен қатар Әбілғазы Баһадүр ханның «Шежіре-и түрік» шығармасын қазақ тілінен қытай тіліне аударған.
Ол Шыңжаң жазушылар одағының, Қытай аз ұлт жазушылары қауымдастығының және Қытай аудармашылар қауымдастығының мүшесі болған. Әдебиет пен аударма саласындағы еңбектері бірнеше мәрте «Жылдың үздік туындысы» атағымен марапатталған.
2023 жылдың шілде айында Қазақстан Республикасының азаматтығын алған ақын соңғы жылдары тарихи Отанына қоныс аударып, ел әдебиетіне белсене араласып жүрген еді. Ол "Жоғалған адам" деген өлеңінде былай деп жырлаған еді:
