Мүтәліп ERG-дегі Шодиев пен Машкевич үлесін сатып алды

633
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/iK9XbwtNds7SMFOYbYgiEsA089IKKNHXjkbVmezN.webp

22 мамырда Eurasian Resources Group акционерлер құрылымындағы өзгерістер туралы мәлімдеді. Компанияның мәліметінше, ERG акцияларының 39,3 пайызын кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліпке тиесілі Nature Energy Solutions Ltd. компаниясы сатып алған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Бұл үлес акциялардың 18,6%-ына иелік еткен Патох Шодиевтен, сондай-ақ компанияның 20,7% акциясына ие болған Александр Машкевичтің мұрагерлерінен сатып алынған.

«ERG-тің барлық кәсіпорыны штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Бұл өзгерістер бизнестің тұрақтылығын одан әрі нығайтуға, корпоративтік басқару тиімділігін арттыруға және топтың ұзақмерзімді даму стратегиясын жүзеге асыруға бағытталған», — делінген компания хабарламасында.

Компания өкілдері өзгерістердің қазіргі операциялық қызметке, өндірістік бағдарламалардың орындалуына және қызметкерлер, серіктестер мен мемлекет алдындағы міндеттемелерге әсер етпейтінін мәлімдеді.

Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсанында Financial Times басылымы Мүтәліптің ERG-дегі үлеске қызығушылық танытқаны туралы жазған еді. Басылым мәліметінше, қазақстандық кәсіпкер Шодиев пен Машкевич мұрагерлерінің үлесін сатып алуды жоспарлап, олардың ортақ үлесін 1,4 млрд долларға сатып алу шарттарын алдын ала келіскен. Осындай ұсынысты ERG негізін қалаушылардың бірінің ұлы Шухрат Ибрагимов та жасаған, алайда оның келіссөздері нәтиже бермеген.

Шахмұрат Мүтәліп Forbes Kazakhstan журналының 2026 жылғы ең бай бизнесмендер рейтингінде 22-орынға көтерілген еді. Басылым оның байлығын 482 млн долларға бағалаған.

Комментарии
Другие материалы