Пойызға шабуыл жасалып, кемінде 24 адам қаза тапты

210
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/tycGxhrb4fbG3G2YxhlPzOBiZ2JRNSvaz2MRTBp4.webp

Пәкістанның Белуджистан провинциясында қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері мен олардың отбасыларын тасымалдап бара жатқан пойызда жарылыс болды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

БАҚ мәліметінше, кемінде 24 адам қаза тауып, тағы 70-ке жуық адам жарақат алған.

Желіде жарияланған бейнежазбаларда пойыздың екі вагоны аударылып, өртеніп кеткені көрінеді. Сондай-ақ жақын маңда тұрған көліктер де зақымданған. «Әл-Джазира» тілшісінің хабарлауынша, теміржол маңында орналасқан бірнеше үй мен ғимарат та қатты бүлінген.

Кветта қаласындағы мемлекеттік ауруханаларда төтенше жағдай жарияланды.

Жарылысқа жауапкершілікті «Белуджистанды азат ету армиясы» сепаратистік тобы өз мойнына алған. AP агенттігінің мәліметінше, жанкешті-лаңкес жарылғыш зат орнатылған көлікті пойыз Кветта қаласы арқылы өтіп бара жатқан кезде теміржол маңында жарып жіберген.

Премьер-министр Шахбаз Шариф бұл шабуылды қатаң айыптап, оны «қорқақ террористік әрекет» деп атады және құрбандардың отбасыларына көңіл айтты.

Ауғанстан және Иранмен шектесетін Белуджистан — Пәкістандағы аумағы ең үлкен, бірақ ең кедей провинция. «Белуджистанды азат ету армиясы» өңірдің тәуелсіздігі үшін күрес жүргізіп келеді. Бұл топ АҚШ, Ұлыбритания және Еуроодақ елдерін қоса алғанда бірқатар мемлекетте террористік ұйым ретінде танылған.

Комментарии
Другие материалы