ШҚО әкімі отставкаға кету туралы өтініш жазған

256
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/j0Uh29XMacTb7iFvQcp1hjretf1Xe4s1y4H7VHlX.jpg

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өзінің бұрынғы орынбасары Жақсылық Омарға қатысты үкім заңды күшіне енгеннен кейін отставкаға кету туралы өтініш берген. Алайда отставка қабылданбаған. Бұл туралы ШҚО әкімі баспасөз хатшысы Лаура Жақыпова айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

3 сәуірде Жақсылық Омар алаяқтық және пара алу бойынша кінәлі деп танылған. Сот оған мүлкін тәркілей отырып, алты жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. 20 мамырда Шығыс Қазақстан облыстық сотының алқасы бірінші инстанция үкімін өзгеріссіз қалдырған, ол заңды күшіне енген.

Заңға сәйкес, қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған жағдайда оның басшысы үкім заңды күшіне енгеннен кейін 10 күн ішінде отставкаға кету туралы өтініш беруге міндетті.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов белгіленген тәртіппен өзінің отставкаға кету туралы өтінішін берген. Өтінішті қарау қорытындысы бойынша іске қатысы жоқ екені ескеріліп, оны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданды», – деді Лаура Жақыпова.

Ол сондай-ақ өңір әкімі облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы барлық жұмысты қалыпты режимде жалғастырып жатқанын атап өтті.

Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысын 2025 жылғы 17 ақпаннан бері басқарады. Бұған дейін ол өңір әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Ал Жақсылық Омар 2025 жылғы 7 сәуірден бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.

Комментарии
Другие материалы