Қымызмұрындық – қазақтың «ұлттық кодының» айнасы

356
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/fcky7ltg4GBh7vCmLWsFfXxxQppzKPlxyws3aJzj.jpg

Ұлттың жаны – тілінде, рухы – дәстүрінде, болмысы – өнерінде, берекесі – дастарқанында, ал тамыры – туған жерінде. Осылардың бәрін бір арнаға тоғыстыратын ұлы құндылық – ұлттық код. Жаһандану дәуірінде әр халықты сақтап қалатын да, өзгеден даралайтын да осы. Бұл – ұлттың ғасырлар сүзгісінен өткен рухани жады. Қазақ үшін сондай мәңгілік құндылықтың бірі әрі бірегейі – Қымызмұрындық. Осындай ұлттық болмыстың жанды көрінісін биыл тағы да Қарқара төрінде өткен Қымызмұрындықтан көруге мүмкіндік туды.

Қымызмұрындық – жай ғана мереке емес. Бұл – жаз жайлауға көшкен елдің алғашқы қымыздың дайын болуын қуанышпен қарсы алып, ағайынның басын қосып, ақ дастарқан жайып, береке мен бірлікті дәріптейтін ғасырлар қойнауынан жеткен дәстүр. Қымыз – қазақтың тұрмыс-тіршілігінің ғана емес, көшпенді өркениеттің символына айналған қасиетті сусын. Сондықтан Қымызмұрындық – халқымыздың табиғатпен үндестігін, жылқы мәдениетін, қонақжайлығын, ынтымағын және рухани жадын танытатын ерекше мәдени құбылыс.

Осындай тарихи дәстүрді жаңғыртып, жаңа мазмұнмен байытып келе жатқан «Қымызмұрындық – 2026» халықаралық мәдени-спорт фестивалі биыл тағы да Қарқара жайлауында кең көлемде өтті.

Қазақтың қасиетті Қарқарасы – тарих пен табиғаттың, азат рух пен көшпенді мәдениеттің тоғысқан мекені. Іле Алатауының баурайындағы бұл өңір талай тарихи оқиғалардың куәсі болған. Қарқара көтерілісінің ізі қалған, талай би мен батырдың ізі қалған киелі өлке бүгінде ұлттық мәдениеттің үлкен ордасына айналып келеді.

Биыл бесінші мәрте ұйымдастырылған фестиваль қазақтың көрнекті биі, мәмілегер, ойшылы – Әлмерек Жаншықұлының туғанына 368 жыл толуына арналды. Бұл – мерекенің тарихи салмағын одан әрі арттыра түсті. Фестивальге Қазақстанның барлық өңірлерінен ғана емес, Түркия, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Қарақалпақстаннан арнайы делегациялар келді. Жалпы саны 35 мыңға жуық адам Қарқара төрінде бас қосты. Бұл көрсеткіш фестивальдің халықаралық деңгейге бір табан ілгерілегені ғана емес, қазақтың мәдениеті мен ұлттық мұрасына деген қызығушылықтың жылдан-жылға артып келе жатқанын айқын аңғартты.

Жиылған қауымның алғашқы аялдамасы – қымыз құйылған сабалар болды. Қымыздың дәмін татып, шөл басқан көпшілік қолөнершілер қалашығына бет алды. Бұл жерде қазақтың бай қолөнерінің тұтас әлемі көз алдыңа келеді. Ағаштан ойылған тұрмыстық бұйымдар, зергерлік әшекейлер, ер-тұрман, қамшы, ұлттық киімдер, музыкалық аспаптар мен сан алуан кәдесыйлар көрермендерді еріксіз қызықтырды.

Қолөнершілер қалашығында ерекше назарымды аударғандардың бірі – Нарынқол өңірінің Қарасаз ауылынан шыққан шебер Марат Бозынбай болды. Ол – сонау жаугершілік заманда қару-жарақ пен сауыт-сайман жасаған бабалар кәсібін жалғап келе жатқан санаулы мұрагерлердің бірі. Отыз бес жылдан бері ұлттық өнерді серік еткен шебер бүгінде інілерімен бірге «Бес аспап» отбасылық шеберханасында ата кәсіптің отын өшірмей, домбыра, қобыз, қылқобыз, прима қобыз секілді ұлттық музыкалық аспаптар мен сан алуан қазақы бұйымдарды жасап, насихаттаушы. Шебердің ең үлкен тілегі – «Ұлттық қолөнерге мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсетіліп, ата кәсіптің өрісі кеңейсе. Өзбекстанда қолөнершілерге арнайы ауылдар салынып, пайызсыз несие беріледі, сондай-ақ, салықтық жеңілдіктер де қарастырылған. Ал бізде мұндай мүмкіндік жоқтың қасы. Тіпті, кепілсіз несие алудың өзі қиын» – дейді.
 
Бір қарағанда, бұл бір адамның ғана пікірі секілді көрінгенімен, шын мәнінде ұлттық мұраны сақтап жүрген көптеген шебердің ортақ жанайқайы. Өйткені қолөнер – күнкөрістің ғана көзі емес, ұлттың тарихи жадын, дүниетанымын, эстетикалық талғамын ұрпақтан ұрпаққа аманаттап келе жатқан рухани мұра. Әрбір оюдың өрнегінде – өткеннің ізі, әрбір ағаштың бедерінде – бабалардың қолтаңбасы, әрбір ұлттық бұйымның бойында – көшпенді өркениет мұрасы бедерленген. Сондықтан қолөнерді қолдау – жеке кәсіпті қолдау ғана емес, ұлттың мәдени жадын, тарихи сабақтастығын және рухани тамырын сақтауға жасалған қамқорлық. Қолөнер көрмесінде жолыққан тағы бір талантты әулет – Есік қаласынан келген Мұхтарұлы Есеннің отбасы. Олар қазақтың бес қаруын, ұлттық музыкалық аспаптарды және этнографиялық композицияларды көлемді панноға айналдырып, ұлттық мұраны жаңа көркемдік шешіммен жаңғыртып жүрген шеберлер. Жиырма жыл бұрын ерлі-зайыптылардың ортақ қызығушылығынан басталған іс бүгінде табысты кәсіпке айналған. «Жұбайым екуміз байқасақ, әр үйдің төрінде құмарада бейнеленген ит, мысық секілді түрлі жануарлардың мүсіні тұрады. Неге сол орынға ұлттық нақыштағы бұйымдар қойылмасқа?! Ұлттық дүниелер күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы керек» – дейді шебер өз кезегінде. Олардың шеберханасында он жеті жылдан бері еңбек етіп келе жатқан татар ұлтының өкілі Рамиз Мингалеевтің шығармашылық қолтаңбасы ерекше байқалады. Оның идеясы негізінде дүниеге келген «Бес қару» композициясы көрерменнің назарын бірден өзіне аударып, мені де ұзаққа дейін жанынан алыстатпады. Ағашқа жан біткендей әсер қалдыратын әрбір бедер мен өрнектен батыр бабалардың қайсар рухы, көшпенді өркениеттің тектілігі мен қазақтың болмысы айқын сезіледі. Мұндай туындылардың бағасы ең алдымен оның құнында емес, құндылығында. Себебі әрбір бұйымның бойында шебердің маңдай тері ғана емес, ғасырлардан жеткен ұлттық жады, ата кәсіптің аманаты мен ұлт рухына деген адалдық сақталған.
 
Қолөнер алаңында менің назарымды бұрын-соңды жақыннан көрмеген ерекше музыкалық аспаптар бірден өзіне тартты. Маркетолог мамандығын игерген Илья Мордовец глюкофон, хэндпан, әнші тостағандар, шаңқобыз, калимба секілді аспаптарды таныстырып қана қоймай, қазақы нақышты заманауи дизайнмен үйлестірген бірегей туындыларын ұсынды. Оның «Таңбалы тас» пен «Болашақтың киіз үйі» композициялары ұлттық символиканы заманауи көзқараспен жаңаша сөйлетеді.
 
Шебердің айтуынша, глюкофон – 2006 жылы пайда болған жас музыкалық аспап. Алматылық Илья Мордовец онымен 2014–2015 жылдары танысып, достары Америкадан әкелген алғашқы глюкофоннан шабыт алып, 2015 жылдан бері әкесі Константинмен бірге Қазақстанда оны жасауды қолға алған. Бүгінде олардың шеберханасы еліміздегі осы бағыттағы алғашқы тұрақты орталықтардың бірі саналады.

Табиғат үніндей қоңыр әуезімен ерекшеленетін глюкофон қазір әлемнің көптеген елінде медитацияда, дыбыстық терапияда және адамның ішкі үйлесімін қалыптастыру тәжірибелерінде кеңінен қолданылады.Ең қызығы, келушілер оларды тек тамашалап қана қоймай, өз қолдарымен орындап көруге мүмкіндік алды. Осы арқылы фестиваль қазақтың бай мұрасы заман ағымымен үндесіп, жаңа тыныс ала алатынын, ал ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өзге этнос өкілдерінің де шынайы үлес қосып жүргенін айқын көрсетті. Фестиваль тек қолөнермен ғана шектелген жоқ. Бұл – көшпенділер өркениетінің өмір салтын жан-жақты танытқан үлкен этноалаңға айналды.
 
Бозкілемде өткен «Түйе палуан» жарысында еліміздің кіл мықты балуандары белдесіп, жеңімпаздар қомақты жүлделерге ие болды.
 
Көрермен ерекше қызықтаған сайыстардың бірі – «Қошқар көтеру». Ерекше күш пен төзімділікті талап ететін бұл жарыста қошқарды ең көп көтерген спортшы дәстүр бойынша оны өз жүлдесі ретінде иеленді. Ал «Алыптар сайысында» қатысушылар найза лақтыру, темір шыбық ию, жүз келілік алып тастарды көтеріп жүру, бөренемен жаттығу жасау және бес жүз келілік арбаны сүйреу секілді қиын сынақтардан өтті. Бас жүлде иесіне 1,5 миллион теңге табысталды.



«Алыптар сайысындағы» ең әсерлі сәттердің бірі – салмағы жүз келіден асатын қос ауыр тасты көтеріп жүру кезеңі болды. Бұл сынға қатысушылардың арасында көпшіліктің ерекше ықыласына бөленгендердің бірі – Нигериядан келген балуан Джерри еді. Мұхит асып, мыңдаған шақырым жол жүріп келген Джерридің айтуынша, былтыр Қарқарадағы жарыс оған ерекше әсер қалдырған. Қазақ халқының қонақжайлығы, ұлттық спортқа деген құрметі мен фестивальдің рухы оны қайта оралуға жігерлендіріпті. Бір жыл бойы арнайы дайындалып келген ол биыл да өз күшін сынап, алыптармен иық тірестірді.


 
Шетелдік спортшының қазақтың ұлттық күш сынасу дәстүріне қызығушылық танытып, арнайы дайындықпен қайта келуі – Қымызмұрындық фестивалінің халықаралық беделі артып келе жатқанының жарқын көрінісі. Ұлттық спорттың шекара мен құрлыққа бағынбай, өзге елдердің де қызығушылығын оятуы – қазақ мәдениетінің әлемге ашылған тағы бір қақпасы іспетті.
 
Фестивальдің сәнін қыздырған дәстүрлі бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен келген екі жүзге жуық жүйрік қатысты. Құнан бәйге (9 шақырым), топ бәйге (20 шақырым) және аламан бәйге (32 шақырым) бойынша өткен жарыстарда шабандоздар төзімділік пен шеберліктің үлгісін көрсетті. Жүлде қоры да ауқымды болды: аламан бәйгенің жеңімпазы Jetour X70 FL Prestige автокөлігін иеленсе, екінші орынға – 2,5 миллион, үшінші орынға – 1 миллион теңге табысталды.
 
Мың жылқы дүбірі – Ұлы даланың жанды шежіресі
 
Биылғы Қымызмұрындықтың ең айшықты әрі көпшілік жүрегінде жатталып қалған сәті – Қарқараның кең жазығын дүбірге бөлеген мың жылқының салтанатты шеруі болды. Маусымның маңдай күйдірген аптабы мен таңдай кептірген ыстығы да осы көріністі тағатсыздана күткен мыңдаған көрерменнің ынтасын бәсеңдете алмады. Дәл осы сәтте жер дүбірінен елең етпеген жан қалмады-ау сірә! Бұл – жай ғана шоу емес, қазақтың жылқы мәдениетіне тағзым, ұлт рухының көрінісі еді.
 
Бұл – менің Қарқара төрінде өткен Қымызмұрындыққа екінші рет қатысуым. Қуантарлығы – жылдан-жылға фестивальдің ауқымы кеңейіп, мазмұны байып, халықаралық беделі артып келеді. Алайда осындай ірі мәдени шаралардың мерейін үстем ететін тағы бір маңызды өлшем бар. Ол – ұйымдастыру мәдениеті.
 Ондаған мың адам бас қосатын этнофестивальде санитарлық инфрақұрылымның, әсіресе дәретхана, қол жуу орындары мен тазалық қызметінің жеткілікті болуы – жайлылықтың ғана емес, келушіге деген құрметтің де белгісі. Әлемдік тәжірибеде табиғат аясында өтетін ауқымды фестивальдер жылжымалы санитарлық модульдермен, биодәретханалармен және тұрақты тазалық қызметімен қамтамасыз етіледі. Бұл, ең алдымен, әйелдерге, балалар мен қарттарға қолайлы жағдай жасап, табиғаттың тазалығын сақтаудың тиімді жолы.
 
Қымызмұрындық келешекте халықаралық деңгейдегі мәдени брендке айналуды мақсат етсе, оның рухани мазмұны ұйымдастыру сапасымен де толыққанды үндесуі қажет. Былтыр байқалған санитарлық инфрақұрылым мәселесі биыл шешімін табады деген үміт болғанымен, бұл түйткіл әлі де назар аударуды талап етеді.
 
Әрине, фестиваль аяқталған соң Алматы облысы әкімдігі «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Қарқара жайлауында тазарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Бұл – құптарлық қадам. Дегенмен, бүгінгі көрермен табиғаттың кейін тазартылғанын ғана емес, шара барысында өзіне лайықты жағдай жасалғанын да көргісі келеді. Өйткені, халықаралық деңгейдегі фестивальдің мәдениеті оның сахнасымен ғана емес, келушілеріне көрсетілген қамқорлықпен де өлшенеді. Соған қарамастан, биылғы Қымызмұрындықтың шынайы ажарын ашқан – Қарқараның дарқан мінезді халқы, ұлттық мұраға жанашыр Нұрбақыт Теңізбаев бастаған Кеген ауданы әкімдігі мен ұйымдастырушылар, қолөнершілер, өнерпаздар және еріктілер болды. Шара барысында олар қазаққа тән қонақжайлық пен кеңпейілділіктің сөз жүзіндегі ұғым емес, өмір салты екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
 
Лауазым – уақыттың еншісі, ал халықтың сенімі – ең қымбат марапат. Мемлекеттік қызметтің қадірі де осы сенімді ақтап, елге қызмет ету мәдениетін қалыптастыра білумен өлшенеді. Себебі, ұлттық брендтің халықаралық беделін айқындайтын тек сахнадағы салтанат емес, сол салтанатты жоғары мәдениетпен ұйымдастыра білу қабілеті.  
  28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында өткен бұл сапар мен үшін қатардағы іссапардан әлдеқайда маңызды болды. Мәдени дипломатия мен ұлттық код мәселелерін зерттеп жүрген ізденуші ретінде Қымызмұрындықты тек этнофестиваль емес, қазақтың рухани болмысын, тарихи жадын және көшпенділер өркениетінің өміршеңдігін танытатын мәдени феномен ретінде қабылдадым.
 
Бүгінде әлемді өзіне баураған Франция «Франкофония» кеңістігі арқылы өз тілі мен мәдениетін халықаралық жұмсақ күштің (soft power) пәрменді құралына айналдыра білді. Сол сияқты, жүйелі мемлекеттік қолдау мен кәсіби ұйымдастырудың арқасында Қымызмұрындық та қазақтың ұлттық дүниетанымын, дәстүрлі мәдениеті мен көшпенді өркениетінің құндылықтарын әлемге танытатын бірегей мәдени брендке айналуға толық әлеуеті бар.
 
Бір кездері Алматыда алғаш бой көтерген «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ақпараттық кеңістікте танылуына өз үлесімді қосу бақыты бұйырды. Бүгінде Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени дипломатияның коммуникациялық және институционалдық тетіктерін зерттей отырып, қазақтың төл мәдениетін әлемге танытудың ең сенімді жолы – оның табиғи өмір сүріп жатқан ортасын, дәстүрін және дүниетанымын ғылыми тұрғыдан зерделеу екеніне көз жеткізіп келемін. Сондықтан Қарқара мені жыл сайын өзіне қайта шақырады. Сыр бойының перзенті болғандықтан болар, бала кезден биік таулар мен кең жайлауларға ерекше ынтықпын. Біздің өлкеде мұндай көркем табиғат сирек болғандықтан, туристік әлеуеті жоғары Жетісудың жанға сая, көзге қуат сыйлайтын тұмса табиғаты мені әрдайым баурап алады. Бірақ мені Қарқараға жетелейтін жалғыз табиғат емес. Бұл мекеннен мен ұлттың рухын, тарихтың тынысын, ата дәстүрдің үзілмеген алтын арқауын сезінемін. Құдды мұнда өткен мен бүгін, тарих пен болашақ бір-бірімен үн қатысып тұрғандай.
 
Қымызмұрындық – қымыз ішетін бір күндік мереке емес. Бұл – ұлттың жады жаңғыратын, тарихы сөйлейтін, дәстүрі тыныстайтын рухани кеңістік. Көшпенділер өркениетінің мұрасы музей сөресінде емес, дәл осындай халықпен бірге жасасып жатқан мерекелерде сақталады.  
 

Қарқара төрінде тағы бір мәрте түйгенім – қазақтың ұлттық коды жоғалған жоқ, ол қымыздың дәмінде, домбыраның үнінде, шебердің қолында, тұлпардың дүбірінде, дарқан даланың төсінде әлі де өмір сүріп келеді.
 
Кім білсін, кезінде ел тағдырын әділ сөзімен таразылаған Әлмерек бабаның рухы қонған қасиетті мекеннің бағы әлі талай асқақтар. Өйткені мұндай жерлердің қадірі табиғатымен ғана емес, ұлттың жадын сақтай білген қасиетімен өлшенеді. Қарқараның қазақтың төл мәдениетін әлемге танытатын халықаралық мәдени орталыққа айналғанын көру – мен үшін кәсіби мақсат қана емес, азаматтық арман. Себебі ұлттың болашағы оның тарихын сақтай алған қасиетті мекендерден басталады.

Гүлмира АСЫЛБЕКҚЫЗЫ,
мәдениеттанушы, журналист

 

 

 

 

Комментарии
Другие материалы