Алматыда төтенше жағдай жарияланды

110
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Bii2x8XydvSE6tzwH45XQhT9GyDT66RbrL6NgF9Y.webp

Алматы облысының Қарасай ауданында Ақсай өзенінің жағалауын су шайып кетуіне байланысты жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, 2 шілде күні сағат 06:50 шамасында Қарасай ауданының Жаңатұрмыс ауылындағы «Ақсай карьері» ЖШС аумағында Ақсай өзенінің жағалауын су шайып, карьердің солтүстік-батыс бөлігінде топырақ сырғыған.

Оқиға орнына тиісті қызметтер жедел жіберілді. Қауіпсіздік мақсатында жақын маңдағы тоғыз жеке тұрғын үйдің тұрғындары уақытша қауіпсіз жерге көшірілді. Қазіргі уақытта мамандар аумақты тексеріп, жағдайды тұрақтандыруға бағытталған қажетті жұмыстарды жүргізіп жатыр.

Инженерлік және қалпына келтіру жұмыстарына барлығы 19 қызметкер мен 14 арнайы техника жұмылдырылған.

Әкімдіктің хабарлауынша, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда.

«Қалыптасқан жағдайға байланысты Қарасай ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Бұл шешім қажетті жұмыстарды жедел жүргізіп, тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді. Алматы облысының қалған аудандарындағы жағдай тұрақты», – делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.

Ведомствоның мәліметінше, атқарылып жатқан жұмыстар Алматы облысының әкімі мен салалық мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында.

Әкімдік тұрғындарды сабыр сақтауға, уәкілетті органдардың талаптарын орындауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.

Комментарии
Другие материалы