Еуропаны орман өрті шарпыды. Мыңдаған адам эвакуацияланды

259
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Nd5mipajoEXU9RpnMsl6tKGYwWf4KJvAYsAwbREC.webp

Соңғы күндері Еуропаның бірқатар елінде орман өрттері мыңдаған гектар аумақты шарпыды. 5 шілде, жексенбі күні Франция, Грекия, Испания және Португалияда жүздеген өрт сөндіруші тілсіз жаумен күресті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі DW-ге сілтеме жасап.

Францияның оңтүстігінде зардап шеккендер бар

Францияның Шығыс Пиреней департаментіндегі өрт 4 шілде кешінде Перпиньян қаласының маңындағы жетуі қиын аумақта анықталған. AFP агенттігінің мәліметінше, өртті сөндіруге шамамен 700 өрт сөндіруші, 200 техника және онға жуық ұшақ пен тікұшақ жұмылдырылған.

Өрт салдарынан екі адам – бір өрт сөндіруші мен жергілікті тұрғын ауыр жарақат алған.

Шығыс Пиреней билігі бес мың тұрғынды эвакуациялау туралы шешім қабылдады. Департамент префектісі Реньо де ла Моттың айтуынша, айрықша ауқымдағы орман өртімен күресу үшін өртке қарсы қызметтерден бөлек, ішкі қауіпсіздік құрылымдары мен мемлекеттік органдардың барлық ресурстары тартылған.

6 шілдедегі жағдай бойынша Францияның тағы 41 департаментінде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталып отыр. Оның жетеуінде қауіптің ең жоғары деңгейі жарияланған.

Грекияда зауыт өртеніп, тұрғындар эвакуацияланды

Грекияның Салоники қаласы маңындағы қалдықтарды қайта өңдеу зауытында өрт шыққан. Қалың қара түтін қала орталығына дейін жеткен.

Билік тұрғындарды терезелерін жауып, сыртқа шықпауға шақырды. Сондай-ақ үш елді мекеннің тұрғындары мен күтімді қажет ететін 157 адам тұратын мекеме эвакуацияланды.

Ореокастрон қаласының билігі өрттің абайсызда тұтануына қатысы болуы мүмкін деген күдікпен 76 жастағы ер адамды ұстағанын хабарлады.

Сонымен қатар Афинаның батысында тағы бір ірі орман өрті тіркелді. Өртпен 210 өрт сөндіруші, еріктілер және арнайы авиация күресіп жатыр.

Испания мен Португалиядағы жағдай

Испанияның солтүстік-шығысындағы Жирона провинциясында 3 шілдеден бері орман өрті жалғасуда. EFE агенттігінің мәліметінше, жалын шамамен 2200 гектар аумақты шарпыған.

Ал Португалияның Возела муниципалитетінде 2 шілдеде басталған өртті сөндіруге 1200 өрт сөндіруші, 400 техника және 15 ұшақ тартылған. Жалын 12 мың гектардан астам аумаққа тараған.

3 шілдеде Испания Португалияға көмек ретінде 120 өрт сөндіруші мен 45 техника жіберген. 5 шілдеге қарай ірі өрт ошақтарының басым бөлігі оқшауланғанымен, кейбір аумақта өрт әлі толық сөндірілмеген.

Еуропаның бірнеше еліндегі өрттер маусым айында басталған аптап ыстықтың аясында өршіп отыр.

Комментарии
Другие материалы