Данияр Елеусінов 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды

305
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ra20NpxrqwbP2KAbjlbAsDnYc1e8XEtASX0QFsoI.jpg

Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Бүгін, 9 шілдеде Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты спортшыға қатысты істі қарады. Сот материалдарына сәйкес, Данияр Елеусінов алкогольдік масаң күйде көлік тізгіндеп, қысқа уақыт аралығында елорда көшелерінде үш бірдей жол-көлік оқиғасына қатысқан.

Алдымен ол жерасты автотұрағы қақпасының тірегіне соқтығысқан. Кейін басқа көлікпен соқтығысып, соның салдарынан тағы бірнеше автокөлікке зақым келген. Бұдан соң спортшы басқарған көлік Kia Sportage автокөлігімен соқтығысып, соққының әсерінен ол Toyota Hilux көлігіне барып соғылған.

«Жол-көлік оқиғалары салдарынан көліктерге механикалық зақым келіп, материалдық шығын келтірілген. Құқық бұзушының кінәсі іс материалдарымен, оның ішінде медициналық куәландыру қорытындысымен дәлелденді. Қорытындыға сәйкес, Е.-де алкогольдік масаңдықтың жеңіл дәрежесі анықталған. Сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар, жол-көлік оқиғаларының сызбалары, бейнежазбалар, қатысушылардың түсініктемелері және сот зерттеген өзге де дәлелдер бар», – делінген сот материалдарында.

Іс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 3-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы) бойынша қозғалған. Сот отырысында Елеусінов өз кінәсін толық мойындады.

Бұған дейін Астана полицейлерінің спортшыны ұстағанын жазған едік.

 

 

 

 

 

Комментарии
Другие материалы