Трамппен басында — қатты, кейін тәтті болған. Ықпалды сенатор қайтыс болды

215
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ze8Koo5NIlXJeIQWVr6ng8Obqit3ChynRDn53h4a.jpg

Фото: Global Look Press/IMAGO/Wolfgang Maria Weber

АҚШ-тың Оңтүстік Каролина штатынан сайланған республикалық сенатор Линдси Грэм 71 жасында қайтыс болды. Оның кеңсесі саясаткердің 11 шілде күні кешке қысқа мерзімді әрі кенеттен болған сырқаттан көз жұмғанын жеткізді, деп хабарлайды “Адырна”.

Қайтыс болардан бір күн бұрын, 10 шілдеде Грэм Украинаға жұмыс сапарымен барып, Киевте президент Владимир Зеленскиймен кездесті. Сондай-ақ ол қорғанысқа арналған ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығаратын SkyFall компаниясының өндіріс орнын аралаған. Кездесу барысында Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздер мен Ресейге қарсы санкцияларды күшейту мәселелері талқыланды.

Линдси Грэм АҚШ-тың Оңтүстік Каролина штатынан сайланған ықпалды республикалық сенаторлардың бірі болды. Саяси мансабының алғашқы кезеңінде ол АҚШ президенті Дональд Трампты қатаң сынағанымен, кейін оның ең сенімді саяси серіктестерінің біріне айналды.

1994 жылы Грэм Оңтүстік Каролина штатынан АҚШ Өкілдер палатасына сайланды. Ал 2002 жылы АҚШ Сенатының мүшесі атанды.

Қорғаныс мәселелерінде қатаң ұстанымымен танылған Линдси Грэм АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қорғауға бағытталған саясатты тұрақты түрде қолдап келді. Оның ресми сайтында терроризмге қарсы күресте елдің ұзақ мерзімді қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салғаны айтылған.

Соңғы жылдары ол Сенаттың Бюджет комитетін басқарды. Сонымен қатар Ассигнованиялар, Заң мәселелері, Қоршаған орта және қоғамдық жұмыстар жөніндегі комитеттердің құрамында жұмыс істеді.

Линдси Грэм отбасын құрмаған. Ол Оңтүстік Каролина штатындағы Сенека қаласында тұрған.

Комментарии
Другие материалы