Қазақстанда бюджетке 730 млрд теңге салық түспеген

184
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/eaMrrPt5XgyWHR78AkrN4bq4MYcQmDqLu5W30kaE.jpg

2025 жылы республикалық бюджетке 730 млрд теңге көлемінде салық толығымен түспеген. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Палата мұның негізгі себептерінің бірі ретінде салық түсімдері бойынша болжамның 1,3 трлн теңгеге артық жоспарланғанын атады.

«Мемлекеттік аудиторлардың анықтауынша, есепті кезеңде республикалық бюджетке түсетін салықтық түсімдер жоспары толық орындалмаған. Түспеген сома 730 млрд теңге немесе 4,8%. Негізгі себептердің бірі – салық бойынша болжам 1,3 трлн теңгеге артық жоспарланған. Аудит нәтижесінде соңғы төрт жылда қосымша есептелген салық сомалары бойынша дауланған істердің жартысынан астамы салық төлеушілердің пайдасына шешілгені анықталды. Бұған салық заңнамасының талаптарын бұзу және салықтық тексеру актілерін жасау кезінде жіберілген рәсімдік қателіктер себеп болған. Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата салықтық тексерулер жүргізу сапасын бақылауды күшейту қажет деп есептейді»,– делінген хабарламада.

Кедендік бақылау саласында да бірқатар заңбұзушылық анықталған. Атап айтқанда, тек электр көліктеріне арналған жеңілдіктердің гибридті автокөліктерге де қолданылғаны белгілі болған. Соның салдарынан бюджетке кемінде 70 млн теңге көлемінде қаражат түспеген.

Сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметтің 34 қатысушысы импорт кезінде қосылған құн салығын (ҚҚС) есепке жатқызу әдісін заңсыз пайдаланған. Нәтижесінде бюджетке импорттық ҚҚС бойынша 670 млн теңгеден астам қаражат түспей қалған.

Бұдан бөлек, аудит кедендік рәсімдерді жеңілдету құқығына ие уәкілетті экономикалық операторлардың қызметіне бақылаудың жеткіліксіз екенін көрсеткен. Кейбір компаниялар мәртебесін тоқтатуға негіз болғанына қарамастан, жеңілдіктерді пайдалануды жалғастырған.

Аудит нәтижесінде жалпы сомасы 2,7 млрд теңгені құрайтын қаржылық заңбұзушылықтар, 33 рәсімдік бұзушылық және 11 жүйелі кемшілік анықталған. Палата барлық аудит нысандарына міндетті орындалуға тиіс нұсқамалар мен ұсынымдар жолдап, олардың орындалуын бақылауға алғанын мәлімдеді.

 

Комментарии
Другие материалы