Алматы облысында өндірілген өнімдер әлемнің 61 еліне экспортталады. Өңірдегі 49 кәсіпорын шетел нарығына өнім шығарып, соңғы үш жылда экспорт көлемін 1,1 млрд АҚШ долларына (шамамен 515 млрд теңге) жеткізген.
Экспорт географиясы жыл сайын кеңейіп келеді. Бүгінде облыс кәсіпорындары өнімдерін тек көрші елдерге емес, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран, Ирак, Пәкістан, Германия, Польша, Румыния және Болгарияға экспорттайды. Соңғы үш жылда шалғай мемлекеттерге экспорт көлемі 2,1 есе өсіп, 291,7 млн АҚШ долларын құрады.
Алматы облысының негізгі сауда серіктестерінің бірі – Өзбекстан. Соңғы үш жылда бұл елге экспорт көлемі 110 млн АҚШ долларынан 203 млн АҚШ долларына дейін ұлғайған. Көрші мемлекетке негізінен ұн, сүт және фармацевтикалық өнімдер жеткізіледі.
Өңір экспортының 60 пайыздан астамын ауыл шаруашылығы өнімдері мен оларды қайта өңдеу арқылы өндірілген тауарлар құрайды. Сонымен қатар құрылыс материалдары, химия өнеркәсібі, фармацевтика және темекі өнімдері де сыртқы нарыққа шығарылады.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің ішінде ет, құс еті, жеміс-жидек, көкөніс, сүт өнімдері мен сусындарға сұраныс жоғары. Ал көкөніс шырындарын экспорттау бойынша Алматы облысы республикада көш бастап тұр.
Алматы облысының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбол Рақымбаевтың айтуынша, өндірісті жаңғырту, инвестиция тарту және бизнесті қолдау шаралары өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып, жаңа нарықтарға шығуына жол ашып отыр.
«Алматы облысы Қазақстанның ірі экспорттық және логистикалық орталықтарының біріне айналып келеді. Бұл нәтижеге азық-түлік өнеркәсібі, фармацевтика және агроөнімдерді қайта өңдеу салаларындағы кәсіпорындардың өндірістік қуатының артуы ықпал етті. Сонымен қатар өңірдің көлік-логистикалық әлеуеті де экспорттың дамуына оң серпін беріп отыр. Қытай – Еуропа халықаралық көлік дәлізі, Үлкен Алматы айналма автожолы, заманауи логистикалық хабтар мен қоймалар жергілікті кәсіпорындарға өнімдерін сыртқы нарықтарға жылдам жеткізуге мүмкіндік береді. Соның арқасында облыс кәсіпорындары жаңа нарықтарға шығып, экспорт көлемін ұлғайтып келеді», – деді Айбол Рақымбаев.
Өңірдегі кәсіпорындардың жетістіктері экспорт көлемінің тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді. Мәселен, Shin-Line компаниясы өткен жылы Қытайға, Сауд Арабиясына және ТМД елдеріне рекордтық көлемде – 15 мың тонна балмұздақ экспорттады. Fruit Art пен LST AGRO кәсіпорындарында өндірілетін қызанақ пен сублимацияланған өнімдердің 90 пайызы Ресейдің ірі сауда желілеріне жөнелтіледі. Ал RG Brands Kazakhstan компаниясы шырын, сусын және шай өнімдерін экспорттау арқылы жыл сайын шамамен 60 млн АҚШ доллары көлемінде табыс табады.
