Орал қаласында ересектер, жастар және юниорлар арасында садақ атудан Қазақстан Республикасының чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. 26 шілде мен 1 тамыз аралығында ұйымдастырылып жатқан ел біріншілігіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген үздік садақшылар қатысуда.
Байрақты бәсекеде Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Алматы, Жетісу, Павлодар, Түркістан, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарынан келген 260 спортшы өзара мықтыны анықтайды.
Чемпионаттың басты мақсаты – спортшылардың шеберлік деңгейін арттыру, халықаралық аренада ел намысын қорғайтын үздік мергендерді анықтау және Азия ойындары, әлем және Азия чемпионаттары, Әлем кубогі кезеңдері мен Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасына үміткерлерді іріктеу.
Салтанатты ашылу рәсіміне Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов, Қазақстан Республикасы Ұлттық садақ ату федерациясының президенті Азамат Үсімбеков және Батыс Қазақстан облысы садақ ату федерациясының президенті Нұрлан Ақнұров қатысты.
Құрметті қонақтар спортшыларға сәттілік тілеп, чемпионаттың жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді. Сонымен қатар, садақ ату спортын дамытуға үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды.
Ашылу салтанаты өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен әрленіп, мерекелік отшашумен аяқталды. Кештің ерекше сәті – садақшылардың түрлі түсті жебелермен көрсеткен әсерлі қойылымы көрермендердің зор ықыласына бөленді.
Чемпионат бірнеше күн бойы жалғасып, еліміздің үздік мергендері чемпиондық атақ пен Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасына жолдама үшін бақ сынайды.
Чемпионат бағдарламасы
28 шілде – Квалификациялық жарыстар (09:00–18:00)
29 шілде – Барлық санаттар бойынша финалға дейінгі командалық жарыстар (09:00–16:00)
30 шілде – Олимпиадалық айналым (жекелей сайыс) (09:00–17:00)
31 шілде – Барлық санаттар бойынша финалдық жарыстар (09:00–18:00)
Чемпионат қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, халықаралық жарыстарға қатысатын ұлттық құраманың резерві жасақталады.



