«Әділет» еліміздегі өзге саяси партиялардан несімен ерекше? Олардан не айырмашылығы бар? Құрылтай депутаттығына кандидат Рауан Кенжеханұлы қоғамда жиі айтылатын осы сұрақтарға толық жауап беріп, ашық сұхбат берді, деп хабарлайды «Адырна» порталы.
Оның сөзінше, «Әділет» партиясы өзін елімізде басталып жатқан жаңа кезеңнің саяси тірегі ретінде таныстырады. Тек соған көп адам мән бермей жүр. Президенттің бастамасымен жазылған, құрастырылған Жаңа Конституция – бұл әлемдегі саяси, технологиялық басқа да өзгерістерді ескеретін Қазақстанға алдағы кезеңге мүлде жаңа мақсат қоятын, қоғам соған сүйене алатын жаңа құндылықтар ұсынған жаңа тұрпаттағы негізгі заң.
«Конституцияда айтылған «Заң мен тәртіп», Әділетті Қазақстан, білім мен технологияға сүйенетін мемлекет пен қоғам құру – бұл Қазақстанның жаңа идеологиясы. Бізде идеология бар ма деген қоғамда да көп талқыланды. Міне, иделогия – Әділетті Қазақстан. Еңбектеген баладан бастап, еңкейген қарияға дейін сенетіні, іздейтіні әділеттілік. Қызметте, өмірде, адамдармен қарым-қатынаста әділеттілік іздейді. Әділетсіздік болса, онда көңіл жабырқап, әділеттілік үшін шамасы келгенше күреседі. Сол сияқты қоғам да, Қазақстан да өзін әділетті қоғам болуға, әділетті мемлекет құруға, әділетке сүйенетін экономика құруға бет алып жатыр. Біз соның негізгі қозғаушы күші, осы үлкен идеологиялық бағыттың саяси тірегі болғымыз келеді. «Әділет» партиясының негізгі ұстанымы, бағыты, ойы осы», – дейді ол.
Оның сөзінше, партияны құрған бастамашы топтағы 15 адам жаңа Констицияны жазуға, оны қабылдауға жауапты болған азаматтар. Осы аралықта өткен 3 съезде саяси ұйым халықтықтың сенімі барын сезген. Соның көрсеткіші болар, партияға мүше болуға ниет білдіріп отырғандардың саны 700 мыңнан асып, 800 мыңға таяған.
«Біздің мақсатымыз – кәсіби Парламент қалыптастыру. Кәсіби Парламент дегеніміз – оның құрамына заң шығаруға, мемлекеттік мәселелерді талқылауға және туындаған мәселелер бойынша нақты ұсыныс бере алатын азаматтардың келуі. Біз ешкімді шеттеткіміз келмейді. Дегенмен қазіргі партиялық тізімнің бір артықшылығы – Парламент құрамын кәсіби тұрғыдан күшейтуге мүмкіндік береді. Яғни ірі кәсіпорындарды басқарған азаматтардың, түрлі мекемелердің басшыларының, өз еңбегімен, біліктілігімен танылған мамандардың Парламентте көбірек болғаны маңызды деп есептейміз», – дейді ол.
Рауан Кенжеханның пайымынша, қазіргі кандидаттар мүлде жаңа ұғымдармен, жаңа талаптармен қалыптасатын Құрылтайға бара жатыр. Бір жағынан, оның алдында жаңа Конституция жүктеген үлкен міндеттер тұр. Екінші жағынан, оның құрамын жаңадан құрылған партиялардың өкілдері, саясатқа жаңадан келген азаматтар және жаңа қағидаттар бойынша іріктелген тұлғалар құрайды.
Сондықтан бұл – мазмұны жағынан да, құрамы жағынан да мүлде жаңа Құрылтай.
«Менің де, партияластарымның да осы жаңадан құрылатын Құрылтайға артатын үміті зор. Сол Құрылтай қабылдайтын шешімдер мен заңдар бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституцияны іске асыруға мүмкіндік беретін негізгі күш болады деп ойлаймын», – дейді Құрылтай кандидаты.
Айта кетейік, Рауан Кенжеханұлы жуырда «4Власть» ютуб каналына сұхбат берген болатын.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.
