Көкшетауда бабалар аманаты ұлықталды

13
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/kqrIB024TCcUJZ5qAiBGGZyT8djXWnmi8mTSaS6s.jpg

Көкшетау қаласында «Бабалар жолымен» автошеруіне қатысушыларды қарсы алу рәсімі мен «Абылай хан және Марал ишан әулеттерінің мемлекеттілік пен руханияттағы тарихи бірлігі» тақырыбындағы дөңгелек үстел жоғары деңгейде өтті. Тағылымы мол жиын «Достық үйінде» ұйымдастырылып, оған зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, жастар мен қала жұртшылығы қатысты.

Аталған шара ұлттық тарихи сананы жаңғырту, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және елдік рухты дәріптеу мақсатында өткізілді. Көкшетау – қазақ мемлекеттілігінің алтын діңгектерінің бірі саналатын киелі мекен. Бұл өңір – үш жүздің басын қосқан Абылай ханның ордасы тігілген, Кенесары ханның кіндігі кесілген, елдік пен ерліктің ізі қалған қасиетті топырақ. Осындай тарихи кеңістікте өткен жиынның маңызы да айрықша болды.

Шара аясында «Үш жүзге пір атанған әулие» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Еңбекте Марал ишанның өмір жолы, оның ел бірлігі мен руханиятты сақтаудағы рөлі кеңінен қамтылған. Кітаптың жарық көруі – ұлттық тарихтағы рухани тұлғалардың мұрасын қайта зерделеуге бағытталған маңызды қадам.

Дөңгелек үстелде сөз алған белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері Абылай хан дәуіріндегі мемлекеттілік идеясы мен Марал ишан әулетінің рухани ықпалының сабақтастығына тоқталды. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, әдебиетші-тарихшы Сәбит Жәмбек тарихи деректер негізінде аталған тұлғалардың ел тағдырындағы орнын жан-жақты саралады.

Жиында ұлттық руханияттың бүгінгі қоғамдағы орны да кеңінен қозғалды. Қатысушылар қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтау, тарихи сананы жаңғырту мәселелерінің өзектілігін атап өтті. Әсіресе, жас ұрпақтың өз тамырынан ажырамауы, төл тарихын терең тануы – ел болашағының кепілі екені баса айтылды.

Сонымен қатар, Науан хазірет пен Марал ишан сынды тұлғалардың ұлтты сақтап қалудағы еңбегі ерекше аталып өтті. Олардың рухани мұрасы – тек өткеннің еншісі емес, бүгінгі қоғам үшін де маңызды бағдар екені жиын барысында айқын көрінді.

Автошеру жетекшісі, «Марал баба» қайырымдылық қорының президенті Мұхамедхан Қасымқанұлы өз сөзінде бабалар аманатын ұлықтау – ұлт алдындағы қасиетті борыш екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай шаралар ел бірлігін нығайтып, тарихи жадты жаңғыртуға қызмет етеді.

Кездесу барысында еркін пікір алмасу ұйымдастырылып, қатысушылар ұлттық тәрбие, рухани сабақтастық, тарихи тұлғаларды дәріптеу мәселелері төңірегінде ой бөлісті.

Жиын соңында ұйымдастырушылар мұндай тағылымды шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді. Расында, ұлылардың өнегесін ұлықтау – ұлттың ұлы мұратына қызмет ететін маңызды іс. Бабалар аманатына адалдық танытып, тарихи тамырымызды терең тану – тәуелсіз еліміздің берік іргетасы болмақ.

Комментарии
Другие материалы