Назарбаевтың бұрынғы келініне қатысты төртінші қылмыстық іс қозғалды

247
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/HGJLwN7tWjG5kgaI2twRuf4X0e8BqkEzOf8ZzXw4.jpg

Алматыдағы белгілі қылмыстық істер бойынша сотталған Гүлмира Сатыбалдыға қатысты кезекті қылмыстық іс бойынша үкім шықты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Kozachkov offside» Telegram арнасының мәліметінше, 
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 56 жастағы Гүлмира Сатыбалдыға қатысты төртінші қылмыстық іс қаралды. Сот оны тағылған айыптардың барлығы бойынша кінәлі деп таныды.

Бұл іс Сатыбалдының марқұм әпкесінің бұрынғы күйеуі Абай Жүнісовке қатысты әрекеттеріне байланысты қозғалған. Сот материалдарына сәйкес, Сатыбалды мен Жүнісов бұған дейін кәсіпкерлікпен айналысып, Алматыдағы «Восточка» тұрғын үй кешенін салған. Жобаны жүзеге асыру кезінде мемлекеттік қаржы да тартылған.

Іс материалдарында кейін Абай Жүнісовтің бірқатар құжаттарға қол қоюға және компаниялардағы үлестерін Сатыбалдының адамдарына беруге мәжбүр болғаны көрсетілген. Нәтижесінде тұрғын үй кешеніндегі нысандар сатылып, оның «ВТБ Банкі» алдындағы берешегі 8 миллиард теңгеден асқан.

Сотта Жүнісов құжаттарды қысым жағдайында рәсімдегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ол бірнеше ай бойы Гүлмира Сатыбалдының үйінің жертөлесінде ұсталған.

Ал Сатыбалды өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Ол айыптау актісіндегі кейбір тұжырымдардың өзіне түсініксіз екенін айтып, Жүнісовтің банк алдындағы қарызының қалыптасуына қатысы жоқ екенін айтты.

Сот үкімімен Гүлмира Сатыбалды кінәлі деп танылды. Алайда оған бұрын тағайындалған 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы өзгеріссіз қалды.

Сонымен қатар сот Абай Жүнісовке келтірілген материалдық шығынды өтеу үшін Сатыбалдыдан 8 миллиард теңгеден астам қаржы өндіріп алу туралы шешім шығарды.

Гүлмира Сатыбалды алғаш рет 2023 жылы сотталған. Бірінші іс бойынша ол өз бетінше билік ету және адам ұрлау баптары бойынша кінәлі деп танылған. Кейін оған бөтеннің мүлкін иемдену және ысырап ету бойынша тағы бір үкім шыққан. Екі істің жиынтығы бойынша оның жазасы 8 жылды құраған.

2024 жылы Сатыбалдыға қатысты тағы бір қылмыстық іс қаралып, оған бопсалау және заңсыз бас бостандығынан айыру бойынша айып тағылды. Үкімдер жиынтығы бойынша оның жалпы жазасы 12 жылға дейін ұзартылған.

Соттың бұл жолғы үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Комментарии
Другие материалы