Халықаралық олимпиадаларда шәкірттері жеңіске жеткен ұстаздар марапатталды

155
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ddYLHoBJOJxreTcbie839k73x7pmsTaV0msOLgey.jpg

Халықаралық пән олимпиадаларында жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларды дайындаған бірқатар мұғалімдер мен тәлімгерлер мемлекеттік наградаларға ие болды. Бұл туралы Ақорда жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен білім беру саласына қосқан елеулі үлесі және Қазақстанға сіңірген еңбегі үшін бірқатар педагог марапатталды.

Атап айтқанда, «Құрмет» ордені Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Мейрамгүл Кенжехановаға және Алматы қаласындағы №134 лицейдің мұғалімі Ирина Нестеренкоға табысталды.

Сондай-ақ «Құрмет» орденімен «Edlight Academy» әдіскері Жанболат Жолгелдиев, Қарағанды қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Қарлығаш Жолдыбаева және «Haileybury Almaty» мектебінің мұғалімі Владимир Жук марапатталды.

Ал «Ерен еңбегі үшін» медаліне Өскемен қаласындағы Білім-инновация лицейінің мұғалімі Айгүл Сейітдәулет ие болды.

Бұдан бөлек, «Шапағат» медалі Қызылорда қаласындағы Білім-инновация лицей-интернатының мұғалімі Батыр Жарқынға, Талдықорған қаласындағы №24 лицейдің мұғалімі Меруерт Абаеваға, Павлодар қаласындағы Білім-инновация лицей-интернатының мұғалімі Олжас Әмзеевке және Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің мұғалімі Бақыт Мамышевке берілді.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада халықаралық пән олимпиадаларында жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға ие болған оқушылар мен студенттермен кездескен болатын. Кездесу барысында елдегі дарынды жастарды қолдау және олардың жетістіктеріне үлес қосқан ұстаздардың еңбегін бағалау мәселесіне де назар аударылды.

Комментарии
Другие материалы