Кедейшілік кебі. Мирзиёев махалла майталмандарын кінәлады

200
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/IFyOz6RsRZiO0O1q4UdiGWVL1CAH64cpbrUuxwsf.jpg

Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев 3 қыркүйекте өткен кеңесте кедейшілікпен күрестің «мүлдем жаңа жүйесін» енгізуді тапсырды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады “Адырна”.

Кеңесте кедейшілікті азайту және халықтың табысын арттыру жұмыстарын жаңа кезеңге шығару мәселелері қаралды.

Жыл басында Өзбекстандағы кедейшілік деңгейі 5,8 пайыз болып, мұқтаж азаматтардың саны 2,2 миллион адамға жеткен. Қазір бұл көрсеткіш 3,9 пайызға дейін, яғни 1,5 миллион адамға дейін төмендеген. Алайда 159 аудан мен қалада, сондай-ақ 5536 махаллада нәтижелер жеткіліксіз деп бағаланды.

Мирзиёев «махалладағы жетітік» деп аталатын құрылымның жұмысына жауапты басшыларды сынға алды. Оның айтуынша, олар жергілікті жерлердегі қызметкерлерге нақты тапсырма бере алмайды және махалла деңгейіндегі жұмысты объективті бағалауға қауқарсыз. Сондай-ақ кедейшілік пен жұмыссыздықпен айналысатын мамандар арасында жауапкершілік алудан қорқу байқалатыны айтылды.

Президенттің мәліметінше, соңғы үш жылда махаллалардағы кәсіпкерлік жобаларға 314 триллион сум, яғни шамамен 26 миллиард доллар бағытталған. Алайда несие қаражатын пайдалану тиімділігі өңірлерде айтарлықтай ерекшеленеді.

Мысалы, Шараф-Рашидов және Қаршы аудандарына бірдей көлемде – 2,3 триллион сумнан қаржы бөлінген. Бірақ Шараф-Рашидов ауданында 30 мың адам кедейлік деңгейінен шығарылса, Қаршы ауданында бұл көрсеткіш 13 мың адам болған.

Пскент ауданында бір адамды кедейліктен шығару үшін 250 миллион сум, яғни шамамен 20,8 мың доллар көлемінде несие қаражаты жұмсалған.

Жиында соңғы бір жылда құрылған 86 мың шағын кәсіпорынның 15 мыңы немесе 17 пайызы жұмысын тоқтатқаны айтылды. Сонымен қатар несие алған 62 мың азамат оны қайтаруда қиындықтарға тап болған.

Бұған хокимдердің көмекшілері мен махалла банкирлерінің басым бөлігінде жобалық тәсілмен жұмыс істеу дағдысының жоқтығы себеп ретінде аталды. 8992 махалланың тек мыңында ғана хоким көмекшілері мен банкирлер жобалық тәсіл негізінде жұмыс істей алады.

Жаңа жүйенің негізгі элементі — несие ресурстарын бөлу өкілеттігін кедейшілікті азайту жөніндегі облыстық және аудандық штабтарға беру.

Олардың қарамағына Кедейшілікпен күрес қорынан 240 миллиард сум, Жұмыспен қамту қорынан 100 миллиард сум, үш «дәптер» бағдарламасы бойынша 760 миллиард сум, сондай-ақ кәсіпкерлерге өтемақы төлеуге қарастырылған 300 миллиард сумның қалдығы беріледі.

Аудандардың қарауына берілетін жалпы қаржы көлемі 3,2 триллион сумды немесе шамамен 266,6 миллион долларды құрайды.

Экономика министрлігі мен Орталық банк өңірлердің әлеуетіне қарай қаржыландыру тетіктерін әр тоқсан сайын жаңартып отырады.

Сонымен қатар несие, субсидия және өтемақы шарттарын жарлықтар мен қаулылар арқылы белгілеу тәжірибесі тоқтатылады.

Облыс, аудан және қала хокимдері кедейшілік пен жұмыспен қамту мәселелеріне аптасына үш күн арнайды. Әр облыс пен ауданда банктер және жұмыспен қамту қызметтері қатысатын арнайы штабтар құрылады.

Аудандық штабтарға кімге және қандай шартпен несие беру туралы шешімді өз бетінше қабылдау құқығы беріледі. Олар несие қайтару мерзімін ұзартуға және төлем кестесін нақты бизнес түріне қарай бейімдеуге мүмкіндік алады.

Бас прокуратураға хоким көмекшілері мен махалла банкирлерінің дербес шешім қабылдауына кедергі келтіретін факторларды жоюға ықпал ету тапсырылды.

Аудандық штабтар махаллалардағы хоким көмекшілерін жобалық жұмыс жүйесіне көшіреді. Барлық 8992 хоким көмекшісі уақытша міндетін атқарушы мәртебесіне ауыстырылады.

Белсенді әрі нәтижелі жұмыс істейтін қызметкерлер қайта тағайындалады. Ал өз міндетін орындай алмайтын мамандар қызметінен ауыстырылады.

Алдағы екі ай ішінде шетелдік мамандарды тарта отырып, хоким көмекшілерін оқытатын оқу орталығын құру жоспарланған. Онда мамандар жобаларды әзірлеу және оларды сүйемелдеу бойынша білім алады.

Жыл соңына дейін әр ауданнан екі үздік хоким көмекшісі Қытай, Жапония және Түркияға біліктілігін арттыруға жіберіледі. Үздік мамандарға жалақысына 50 пайызға дейін үстемеақы қарастырылған арнайы біліктілік санаты беріледі.

Осындай тәсіл махалла банкирлеріне де қолданылады. Олар оқытылып, шетелдік тағылымдамаларға жіберіледі.

Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін кепілсіз несие беру механизмі енгізіледі.

Егер кәсіпкер 10 отбасымен кооперация құрса, оған 500 миллион сумға дейін, ал 100 отбасымен жұмыс істеген жағдайда 5 миллиард сумға дейін несие беріледі.

 Мұқтаж отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетуге де ерекше көңіл бөлінді.

 Әлеуметтік реестрге енгізілген отбасылардың балалары үшін әлеуметтік ваучерлер енгізіледі. 2027 жылдан бастап бұл ваучерлер арқылы мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардың, оқу орталықтарының ақысы, сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы жол жүру және жатақхана шығындары өтеледі.

 Ваучер 12 ай бойы жарамды болады және отбасы әлеуметтік реестрден шығарылғаннан кейін де сақталады.

 Ұлттық әлеуметтік қорғау агенттігіне жыл соңына дейін азаматтарды әлеуметтік реестрге енгізу жүйесін қайта қарау тапсырылды. Жаңа көпөлшемді бағалау жүйесінде тек отбасының табысы ғана емес, созылмалы аурулар, мүгедектік, көпбалалылық және отбасы мүшелерінің шетелде жұмыс істеуі сияқты факторлар да ескеріледі.

 Өзбекстан билігі биыл қыркүйек-желтоқсан айларына бірқатар мақсат қойып отыр.

 Атап айтқанда:

- 350 мың адамды тұрақты жұмыспен қамту;

- тағы 1 миллион азаматтың табысын арттыру;

- 230 мың отбасын кедейлік деңгейінен шығару жоспарланған.

Сондай-ақ Қытай тәжірибесінің негізінде аудан және махалла деңгейінде халықпен тікелей жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған нақты практикалық нұсқаулықтар әзірлеу тапсырылды.

Комментарии
Другие материалы