"Мәңгүрттік танытып жүр". Президент Жапаров шетелдегі кейбір отандасын сынады

151
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/dBhGXoGSoNxdqFn9xG59PKQK6MZZkK8OsFDTY01E.jpg

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров шетелде тұрып жатқан кейбір отандастарын сынға алып, еңбек мигранттарының ел экономикасына қосып жүрген үлесін атап өтті, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

24 kg дерегінше, ол Талас қаласында Қырғызстан тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған мерекелік шарада айтты.

Мемлекет басшысы сөзінде жазушы Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығына тоқталып, оның туындыларындағы мәңгүрт бейнесі арқылы адамның өз тарихын, тілін және мәдениетін ұмыту мәселесін қозғады.

Осыдан кейін Жапаров шетелде жүрген кейбір қырғызстандықтардың елдегі өзгерістерге қатысты сыни пікірлерін айтты.

«Кейбір азаматтарымыз шетелде жүріп, сол жақтан тапқан бір үзім наны үшін өз елінде болып жатқан жақсы істердің өзінен мін іздеп, мәңгүрттік танытып жүр», – деді Қырғызстан президенті.

Алайда Садыр Жапаров нақты кімдерді меңзегенін және оларға қатысты қандай да бір шара қолданылатынын нақтыламады.

Сонымен қатар Қырғызстан президенті бірнеше ондаған жыл бойы шетелде тұрып, еңбек етіп жүрген отандастарына алғыс білдірді. Оның айтуынша, еңбек мигранттары соңғы 35 жылда ел экономикасының дамуына үлес қосып келеді.

«Сіздер кейінгі 35 жыл бойы Қырғызстан экономикасының бір бөлшегі болдыңыздар. Ол үшін Қырғыз мемлекетінің әрбір басшысы сіздерге алғыс айтуға тиіс», – деді Садыр Жапаров.

Президент сондай-ақ Қырғызстанда өткен ірі халықаралық іс-шаралардан кейін шетелдегі отандастарының елге деген мақтанышы мен ықыласының артқанын атап өтті.

Комментарии
Другие материалы