Астанада мысырлық тревел-блогер Ахмед Хаггагович түсірген видеоға байланысты полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеру басталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы елорда полиция департаментінің баспасөз қызметі айтты.
Әлеуметтік желіде тараған видео «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының маңында түсірілген. Кадрларда блогер екі полиция қызметкерімен бірге би қимылдарын жасаған. Сондай-ақ ол қызметкерлердің бірін көтеріп, айналдырған.
Блогер бейнероликке қазақстандық полиция қызметкерлерінің сұлулығы мен мейірімділігін атап, жазба қалдырған.
Алайда видеоға қатысты пікір білдірген кейбір қазақстандықтар полиция қызметкерлерінің мұндай әрекетін орынсыз деп бағалаған. Олардың айтуынша, қыздар видео түсірілген кезде қызметтік міндеттерін атқарып жүрген.
Осыған байланысты Астана қаласының Полиция департаменті қызметтік тексеру бастаған.
«Оның нәтижесі бойынша қызметкерлердің әрекетіне құқықтық баға беріледі. Қажет болған жағдайда тәртіптік сипаттағы шаралар қабылданады», – деді ведомствоның баспасөз қызметі.
