Қазақстанның халықаралық резерві қанша? Ұлттық банк деректер жариялады

65
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/tRSTvfsuoLT3t0pwPLjQMiRqjAO3iwv0ZojrYG7G.jpg
Тамыз айында Қазақстанның халықаралық резервтері күрт өсіп, жыл басындағы деңгейге жақындады. Өсімнің негізгі бөлігін алтын құнының артуы қамтамасыз етті. Ал валюталық активтер керісінше төмендеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Zakon.kz сайтына сілтеп.

Реттеуші органның мәліметінше, 2026 жылдың тамыз айының соңында Қазақстанның халықаралық резервтері 70,57 млрд долларға жетті. Бір ай ішінде резерв көлемі 7,25 млрд долларға немесе 11,4%-ға артқан.

Бұл – жыл басынан бергі ең жоғары айлық өсім.

2026 жылдың мамыр айында Қазақстанның халықаралық резервтері 67,35 млрд долларды құраған. Ал маусымда бұл көрсеткіш 61,83 млрд долларға дейін төмендеді. Бұл жыл басынан бергі ең төменгі деңгей болды.

Төмендеудің негізгі себебі алтын активтерінің құнсыздануы болды. Оның көлемі 52,55 млрд доллардан 47,57 млрд долларға дейін, яғни шамамен 5 млрд долларға азайды. Ал валюталық активтер 14,79 млрд доллардан 14,26 млрд долларға дейін төмендеді.

Бұған маусым айында әлемдік нарықта алтын бағасының күрт арзандауы әсер етті. Дүниежүзілік алтын кеңесінің мәліметінше, бір ай ішінде бағалы металдың бағасы шамамен 11%-ға төмендеген.

Алайда алтын құнының төмендеуі Қазақстан Ұлттық банкінің алтын сатқаны дегенді білдірмейді. Монетарлық алтын халықаралық резервтер құрамында құндық көрсеткішпен есепке алынады.

Шілде айында резервтер қайта қалпына келе бастаса, тамызда өсім айтарлықтай жеделдеді. Қазақстанның халықаралық резервтеріндегі алтынның құны 48,17 млрд доллардан 55,80 млрд долларға дейін өсті. Бір айдағы өсім 7,62 млрд долларды немесе 15,8%-ды құрады.

Осылайша екі ай ішінде маусымдағы төмендеудің басым бөлігі өтелді. Салыстыру үшін, қаңтарда алтын активтерінің құны 55,34 млрд доллар болған. Демек, тамызда бұл көрсеткіш жыл басындағы деңгейден де сәл жоғары болды.

Валюталық активтер бойынша жағдай керісінше қалыптасты. Тамызда олардың көлемі 15,15 млрд доллардан 14,78 млрд долларға дейін төмендеді.

Бір айдағы төмендеу шамамен 377 млн доллар немесе 2,5% болды.

Осылайша тамыздағы халықаралық резервтердің жалпы өсімі валюталық активтердің ұлғаюына байланысты емес. Алтын активтері 7,62 млрд долларға өссе, валюталық бөлігі 0,38 млрд долларға азайған. Нәтижесінде халықаралық резервтердің жалпы көлемі 7,25 млрд долларға артты.

Жыл басынан бері валюталық активтер шамамен 18,7%-ға қысқарған, ал алтынның құны 18,1%-ға өскен. Тамыз айының соңында алтын Ұлттық банктің халықаралық резервтерінің шамамен 79%-ын құрады.

Сонымен қатар Ұлттық қордың валюталық активтері де артқан.

Шілдеде олардың көлемі 66,12 млрд доллар болса, тамызда 68,24 млрд долларға жетті. Бір айдағы өсім шамамен 2,12 млрд долларды құрады.

Жыл басынан бері Ұлттық қор активтері шамамен 6,8%-ға өскен.

Ұлттық банк 2024 жылғы ақпаннан бастап Ұлттық қордың валюталық активтері – шетел валютасындағы активтер мен алтын – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясындағы нысаналы талаптар бойынша міндеттемелер шегерілгеннен кейін көрсетілетінін атап өтті.

Ұлттық банктің халықаралық резервтері мен Ұлттық қордың валюталық активтерін қосқанда, тамыз айының соңындағы жиынтық көлем 138,81 млрд долларды құрады.

Шілде айының соңында бұл көрсеткіш 129,45 млрд доллар болған. Осылайша бір ай ішінде Қазақстанның жиынтық резервтері шамамен 9,4 млрд долларға өскен.

Бұған дейін Қазақстан Үкіметі Ұлттық қордың валюталық активтері 2029 жылға қарай 70,6 млрд долларға дейін өседі деп болжам жасаған болатын.

Сонымен қатар қорға түсетін таза түсім көлемін 0,5 трлн теңгеден 2 трлн теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің болжамына сәйкес, Ұлттық қорға түсетін жалпы түсім 2027 жылы 5,1 трлн теңге, 2028 жылы 5,5 трлн теңге, ал 2029 жылы 5,7 трлн теңге болады деп күтілуде.

Комментарии
Другие материалы