«Сахна мәдениеті сақталмады». Мақсат Ақанов 6 айға айтыстан шеттетілді

280
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/fGblR84MaNRpiMXEWLqqDlkQHYVzqtCjgqEwqNhm.jpg

Маңғыстау облысында өткен айтыста айтқан сөзі үшін ақын Мақсат Ақанов алдағы алты ай бойы айтыстарға қатыстырылмайды. Бұл туралы Айтыс Одағының төрағасы Аманжол Әлтай мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

Бұған дейін әлеуметтік желіде ақынның Шайыр ауылындағы айтыста сөйлеген сөзінен үзінді тараған еді. Видеоға қатысты Нұргүл Хасанова пікір білдіріп, ақынның сөзін сахна мәдениеті мен айтыс әдебіне қайшы деп сынады.

“Мынау не масқара, не көргенсіздік! Күні кеше Шайыр ауылының 100 жылдығында болған жағдай» дейді. «Вацап» арқылы келіп жатыр. Аяғы лас төрді былғайды, аузы лас елді былғайды» деген, аузына келгенін көкіп отырған мынаны желкелеп сахнадан қуып шығатын бір намысты адам болмағаны ма сол жерде?! Жүз жерден «жұлдыз», мың жерден «дүлдүл» болса да! Мынау не басыну, не тайраңдау?! Айтыстың әдебі, сахна мәдениеті қайда?! Айтысты ұйымдастырушылар мен қазылар алқасы не қарап отыр?! Елді сыйламау, жерді қорлау, тұтас халықты адам құрлы көрмей, ар-намысын таптау ғой бұл!” – деп жазды ол.

Оның бұл сөзіне қосылып, ақынды қатты сынағандар болды. Ал Айтыс Одағының төрағасы Аманжол Әлтай бұл айтыс одақтың жоспарында болмағанын, Шайыр ауылында болған айтыс екенін жеткізді.

“Жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен сол өңірдің азаматтарының ұйымдастыруымен өткен. Біздің қатысымыз жоқ. Өзім ұйымдастырған, қадағалаған айтыстарда сахна мәдениетінің сақталуына, ақындардың әдебіне ерекше мән беріледі. Мақсат Ақановты алдағы жарты жылда айтыстарға қатыстырмау жөнінде шешім қабылданды. Шайыр ауылында орын алған келеңсіздік біздің де қабырғамызға батуда. Бір ақынның қателігі үшін барлық ақын кінәлі емес. Өзім ұйымдастырған, басы – қасында болған айтыстарда мұндай келеңсіз жағдайлар ешқашан болған емес”, – деді ол.

Комментарии
Другие материалы