Балаға күш көрсеткен мұғалімдер бір жыл бойы сабақ бере алмайды

74
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/GHGa1BluvXW0ryFv65rnhIfKZExS2n8Lji1iaDH4.jpg

2026 жылғы 11 қыркүйекте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен педагогтерге қатысты жеке әкімшілік жауапкершілік енгізетін заңға қол қойды. Бұл туралы елдің Әділет министрлігі хабарлады, деп жазады “Адырна”.

Құжат мектеп оқушыларын мұғалімдердің ұрып-соғуына қатысты бірқатар жанжалдан кейін қабылданды.

Шавкат Мирзиёев қол қойған №ЎРҚ-1174 заң Әкімшілік жауапкершілік туралы кодекске өзгерістер енгізеді. Жаңа нормаға сәйкес, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және оқытуға жауапты білім беру ұйымының қызметкері балаға күш қолданса, оны қорласа, кемітсе немесе буллингке ұшыратса, оған 1-ден 5 базалық есептік шамаға дейін, яғни 440 мыңнан 2,2 миллион сумға дейін (шамамен 34–170 доллар) айыппұл салынады.

Алайда бұл жаза педагогтің әрекеті бұдан да ауыр құқықбұзушылық құрамын қамтымаған жағдайда ғана қолданылады. Егер бала денсаулығына зиян келтірілсе, ұрып-соғу, азаптау немесе қорқыту фактілері анықталса, іс неғұрлым қатаң жауапкершілік қарастырылған бап бойынша қаралады.

Сонымен қатар заң педагог мамандығына қатысты шектеу енгізеді. Кәмелетке толмағандарға физикалық немесе психологиялық зорлық көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған педагогтер бір жыл мерзімге педагогикалық қызметтен шеттетіледі.

Бұл шектеу балабақшаларда, мектептерде, орта арнаулы және кәсіптік білім беру ұйымдарында, сондай-ақ балаларға арналған қосымша білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін педагогтерге қатысты болады.

Құжат Ұлттық әлеуметтік қорғау агенттігі әзірлеген алты кодекс пен он үш заңға өзгеріс енгізуді көздейтін ауқымды түзетулер пакетінің бір бөлігі болды. «Газета.uz» басылымының жазуынша, Сенат педагогтерді бір жылға қызметтен шеттету туралы норманы мақұлдаған. Агенттік директорының орынбасары Сирожиддин Абдуллаев мұғалімнің әрекетін бағалау кезінде сот «Балаларды зорлық-зомбылықтың барлық түрінен қорғау туралы» заңға сүйенетінін түсіндірген. Аталған заңда психологиялық зорлық-зомбылыққа қорлау, жала жабу, қоқан-лоқы көрсету, ар-намыс пен қадір-қасиетті кемсіту, мазақ ету және буллинг жатады.

Өзбекстан мектептеріндегі мұғалімдердің оқушыларға қол көтеруі мәселесі мамыр айында Ташкенттегі №275 мектепте болған оқиғадан кейін қыза түсті. Әлеуметтік желілерде информатика пәнінің мұғалімі тоғызыншы сынып оқушысын ұрып жатқан видео тараған. Педагогке дене жарақатын келтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен, бірнеше күннен кейін іс тоқтатылды. Тергеу нұсқасы бойынша, мұғалім сыныптағы тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында әрекет еткен.

Комментарии
Другие материалы