Алматыдағы SkyTrain эстакадаларының биіктігі белгілі болды

109
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/uiz6UbstwXJTp20y7BsfRTEM0D1dNjFn5QgN5nbs.jpg

Алматыда SkyTrain пойыздары 8-14 метр биіктікте жүреді. Бұл туралы қалалық жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі informburo.kz-ке сілтеме жасап.

Бұған дейін SkyTrain желілері жол кептелісіне тәуелділікті азайту үшін эстакадалар бойымен салынатыны хабарланған еді. Басқарманың мәліметінше, эстакадалардың биіктігі шамамен 8-12 метр болады, ал кейбір учаскелерде 12-14 метрге дейін жетеді.

Жалпы ұзындығы 46,4 шақырым болатын екі SkyTrain желісінің құрылысы 2027 жылы басталады. Бірінші желіні 2029 жылы аяқтау жоспарланған. Ал екінші желінің құрылысы қашан аяқталатыны жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу кезеңінде нақтыланады.

Бірінші желінің ұзындығы 22,5 шақырымды құрайды. Ол «Барлық» және «Шығыс» көлік-логистикалық тораптары арасында Райымбек даңғылының бойымен өтеді. Жоба аясында 13 аялдама кешені мен автотұрақтар қарастырылған. Екінші желінің ұзындығы 23,9 шақырым болады, онда 14 аялдама кешенін салу жоспарланып отыр.

Әзірге қанша пойыз сатып алынатыны және олардың қашан жеткізілетіні белгісіз. Машинистерді іріктеу мен оқыту жұмыстары жобаны іске қосу мерзімі жақындағанда басталмақ.

Еске салайық, Астанадағы LRT жобасына мамандарды қабылдау 2024 жылдың соңында басталып, Tarlan Astana оқу бағдарламасы 2026 жылдың мамырында іске қосылған еді.

SkyTrain құрылысының нақты құны әзірге белгісіз. Басқарма өкілдерінің айтуынша, оның бағасы жобалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы шыққаннан кейін анықталады.

SkyTrain – жоғары жылдамдықты заманауи әуе рельсті көлік жүйесі. Мұндай желілердің көпшілігі биіктікте салынады және кейбірі машиниссіз жұмыс істейді.

Комментарии
Другие материалы