Қазақстанда «Вандализм қаупі жоғары аймақтар картасын» жасау ұсынылды

86
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/pDwl2099jko7sgVyTTl1piG8aL44D8U8cy0Tcie9.webp

«Әділет» партиясы фракциясының депутаты Мейрамбай Кемалов елімізде қала инфрақұрылымының бүлінуі мен заңсыз граффити салу фактілерін жедел анықтау үшін «Вандализм қаупі жоғары аймақтар картасын» құруды ұсынды. Бұл туралы ол Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Оның сөзінше, жауапкершіліктің күшейтілгеніне қарамастан, көшедегі вандализм мәселесі өзекті болып отыр. Мейрамбай Кемалов қосымша шаралар қабылдау қажеттігін мемлекет басшысының заңсыз граффити салуға қатаң тосқауыл қою және мұндай әрекеттерді вандализм әрі бұзақылық ретінде қарастыру жөніндегі тапсырмасымен байланыстырды.

Депутат заң бұзушылар жедел анықталмайтынын атап өтті. Оның сөзінше, ғимараттардың қасбеттеріне, аялдамаларға, жерасты өткелдеріне және басқа да қоғамдық орындарға граффити мен түрлі бейнелер көбіне бірнеше минуттың ішінде, негізінен түнгі уақытта салынады.

Сондай-ақ ол заңды стрит-арт үшін арнайы жабдықталған қалалық алаңдардың жеткіліксіздігін мәлімдеді. Бақылауды күшейту мақсатында Мейрамбай Кемалов Ішкі істер министрлігіне Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасына» ұқсас «Вандализм қаупі жоғары аймақтар картасын» құруды ұсынды.

Депутаттың бастамасына сәйкес, карта нақты уақыт режимінде географиялық координаттар бойынша проблемалы аумақтарды көрсетуі тиіс. Бұл сол аумақтарда нысаналы профилактикалық шараларды қабылдауға, патрульдеу мен бейнебақылауды күшейтуге, жарықтандыру және абаттандыру жұмыстарын жақсартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар депутат құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін «Сергек» жүйесін қоса алғанда, қолданыстағы цифрлық жүйелерге бейнеаналитика және бет-әлпетті тану алгоритмдерін интеграциялауды ұсынды.

Кемалов Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, ғимараттардың қасбеттері мен басқа да ортақ пайдаланылатын нысандарға графикалық және өзге де бейнелерді рұқсатсыз салуға толық тыйым салу мәселесін қарастыруды ұсынды.

Комментарии
Другие материалы