Ресей Украинаға жойқын соққы жасады. Прилукиде 18 адам қаза тапты

156
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/u00t5KHD8MzPH8IIsPpoVtBHQ9EmTGcJ6SFlFvNy.jpg

Украинаның Чернигов облысындағы Прилуки қаласында көпқабатты тұрғын үйге зымыран түсіп, бес қабатты ғимараттың бір бөлігі опырылып құлады. Соның салдарынан кемінде 18 адам қаза тапты. Бұл туралы 7 қазанда BBC жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Құрбандар арасында Киев пен басқа қалалардың тұрғындары да бар. Ресей тарапы 7 қазанға қараған түні Украинадағы зымырандар мен дрондар өндірісіне қатысы бар кәсіпорындарға жаппай соққы жасалғанын мәлімдеді.

Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, Ресей әскері Киев пен Украинаның 12 облысына 70 зымыран мен көптеген ұшқышсыз ұшу аппаратын бағыттаған. Оның ішінде баллистикалық зымырандар да көп болған.

«Тек олардың бір бөлігін ғана атып түсіру мүмкін болды. Ресейдің баллистикалық зымырандары әлі де ең үлкен қауіп болып отыр», – деді Зеленский.

Украина Әуе күштері бес баллистикалық зымыранның, сондай-ақ 39 қанатты зымыран мен 117 дронның, оның ішінде реактивті аппараттардың жойылғанын хабарлады.

Ресей Қорғаныс министрлігі Прилукиді қоса алғанда бірнеше нысанға зымырандар мен дрондар арқылы жаппай соққы жасалғанын растады. Ең көп адам шығыны дәл осы қалада тіркелген.

Чернигов облыстық прокуратурасының мәліметінше, Прилукиге таңертең қанатты зымырандармен шабуыл жасалған. Ресей Қорғаныс министрлігі соққының нысанасы ретінде «Пластмасс-Прилуки» зауытын атады. Ведомствоның мәлімдеуінше, онда украиналық FP-5 «Фламинго» қанатты зымырандарына арналған бөлшектер өндіріліп, сақталған.

Алайда прокуратура дерегіне сәйкес, зымыран тұрғын үйге тиіп, бес қабатты ғимараттың екі кіреберіс бөлігі қираған. Құтқарушылар мен полиция 18 адамның, соның ішінде төрт баланың қаза тапқанын, тағы 55 адамның жараланғанын хабарлады. Қаладағы басқа тұрғын үйлер, балалар шығармашылық орталығы, кәсіпорындар мен автокөліктер де зақымданған.

Прилукиде үш күндік аза тұту жарияланды. Құтқарушылар үйінділерді тазалап жатқан кезде облыс орталығына тағы бір зымырандық соққы жасалып, әкімшілік ғимаратта өрт шыққан.

Полтава облысындағы Кременчук қаласында да тұрғын аудан шабуылға ұшырады. Жарияланған кадрларға қарағанда, зымыран тоғыз қабатты үш үйдің жанындағы аулаға түскен. Салдарынан 72 жастағы әйел мен 40 жастағы ер адам қаза тауып, 40-тан астам адам жарақат алған.

Ресей Қорғаныс министрлігі Кременчуктағы КрАЗ автомобиль зауытына да соққы жасалғанын мәлімдеді. Ведомство бұл кәсіпорын «Фламинго» зымырандарына арналған ұшыру қондырғыларының арнайы шассилерін өндіреді деп санайды.

Украина Мәдениет министрлігінің мәліметінше, тағы бір зымыранның сынықтары Киевтегі Довженко атындағы ұлттық киностудияның екі павильонының шатырын тесіп өткен. Келтірілген шығын көлемі әзірге анықталмаған.

Украина билігі Киев облысында үш өндірістік-қойма ғимаратының, бір жүк көлігі мен тіркеменің зақымданғанын хабарлады. Адам шығыны болмаған.

Кировоград облысындағы Александрия қаласында да шабуыл салдарынан екі адам қаза тауып, үшеуі жараланған. Тағы бір адам із-түзсіз жоғалған. Құтқарушылардың айтуынша, өнеркәсіптік нысанда 2 мың шаршы метр аумақты қамтыған өрт шыққан.

Днепр қаласында өнеркәсіп кәсіпорнына соққы жасалған. Қала әкімі Борис Филатовтың мәліметінше, шабуылдан кейін 16 көпқабатты тұрғын үй зақымданып, шамамен 500 терезе сынған.

Бұған дейін Владимир Зеленский Ресейдің ауқымды шабуыл дайындап жатқанын ескертіп, тұрғындарды әуе дабылы сигналдарына мұқият болуға шақырған еді.

7 қазан күні таңертең Украина Мәскеуге жаппай дрон шабуылын жасап, кешке Сочи маңындағы Қара теңізде мұнай таситын танкерге соққы берген еді.

Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьев екі адамның қаза тапқанын, он адамның жараланғанын және шамамен 50 үйдің зақымданғанын хабарлаған. Оның айтуынша, Мәскеу маңында бір түнде 185 украиналық дрон атып түсірілген. Ресей Қорғаныс министрлігі болса ел аумағында жалпы саны 868 ұшқышсыз аппараттың жойылғанын мәлімдеген.

Зеленский Мәскеуге жасалған шабуылға пікір білдірмегенімен, Сочи маңындағы танкерге теңіз дрондары арқылы жасалған соққыны жанама түрде растады. Ол әлеуметтік желіде ірі өрттің видеосын жариялады.

Бұған дейінгі ірі шабуылдар алмасуы 25 қыркүйекте болған еді. Содан бері тараптар бір-бірінің әскери және инфрақұрылымдық нысандарына соққылар жасауды жалғастырып келеді. АҚШ ұсынған «энергетикалық бітім» бастамасы әзірге нәтиже берген жоқ.

Комментарии
Другие материалы