Зеленский отставкаға кетпейтінін мәлімдеді

290
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/xUWdyg0vWZ9471ygkglH1AUG2kLkmcQ9cddSQaND.webp

Украина президенті Владимир Зеленский отставкаға кетуді жоспарламайтынын мәлімдеп, қазіргі уақытта сайлау өткізу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Зеленский журналист Пирс Морганның «Uncensored» бағдарламасына қонақ болған.

Украина басшысы қызметінен кету ойында жоқ екенін растады. Оның айтуынша, бұл — өз жауапкершілігі.

«Әрине, жоқ. Бұл — менің жауапкершілігім», — деп жауап берді Зеленский журналистің сұрағына.

Сондай-ақ саясаткер Дональд Трампты қоса алғанда, бірқатар тұлғаның сайлау өткізуге шақырғанына қарамастан, қазіргі жағдайда оны ұйымдастыру мүмкін емес екенін айтты.

«Бізге сағат сайын шабуыл жасалып жатыр... Сондықтан қауіпсіздік тұрғысынан сайлау өткізу мүмкін емес», — деп түсіндірді Зеленский.

Украина президенті майданда жүрген сарбаздардың да сайлауға қатысу құқығы болуы керектігін атап өтті. Оның пікірінше, олар дауыс беруге бірінші кезекте мүмкіндік алуы тиіс.

«Біз сарбаздардың қатысуынсыз президентті сайлай алмаймыз. Өйткені олар өз өмірін қиып жатыр, тіпті қиғандары ба бар. Дауыс беруге бірінші кезекте солардың құқығы болуы керек. Менің ойымша, бұл — әділетті», — деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, Зеленскийдің президенттік өкілеттік мерзімі ресми түрде 2024 жылғы 20 мамырда аяқталған. Алайда Киев әскери жағдай аяқталғанға дейін сайлау өткізу мүмкін емес екенін алға тартып, кезекті сайлауды ұйымдастырмады.

10 қазанда Трамп журналистермен әңгіме барысында Владимир Зеленский сайлау өткізуі керек екенін мәлімдеген еді. Сондай-ақ оның Украинадағы қақтығысты аяқтап, бейбіт келісімге қол жеткізуге бірнеше рет мүмкіндігі болғанын айтқан.

Комментарии
Другие материалы