Боқаев ісі бойынша айыпталушы күтпеген жерден өз адвокатынан бас тартты

186
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/oXUKSqEyiDcehfUKUGOqDP0sdo987XZKTuIvCVCU.webp

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында кезекті  оқиға орын алды.

Санжар Боқаевтың ісі бойынша оның жиені әрі сыбайласы деп айыпталған Мадияр Қалменов бұған дейін өзі жалдаған қорғаушысы Ғалымжан Жолдасбаевтың қызметінен күтпеген жерден бас тартты.

Бұған айыпталушының екінші адвокаты Айман Омарованы сот отырысына онлайн форматта қосуды табанды түрде талап етуі себеп болды. 

Судья бұған дейін сот процесін тек офлайн форматта өткізу туралы шешім қабылданғанын және оған бастапқыда барлық қатысушылар келіскенін еске салды. Омарованың сот отырысына қатысуына ешкім тыйым салмайды, алайда ол үшін адвокаттың сот залына жеке өзі келуі қажет.

Белгіленген тәртіпті өзгертуге келіспеген соттың ұстанымын естіген Калменов залда отырған Жолдасбаевтың көмегінен бас тартып, осы сот отырысында іс жүзінде қорғаушысыз қалды.

Процестік нормаларды қатаң сақтап, айыпталушының қорғану құқығын қамтамасыз ету мақсатында сот кеңесу бөлмесіне кетті. Одан кейін отырыс 22 қазанға ауыстырылды. Судья Жанат Абенова сондай-ақ қорғаушысы тағы да келмеген жағдайда Калменов қандай әрекет етуі керектігін түсіндірді.

«Сотталушының қорғану құқығының бұзылуына жол бермеу мақсатында сот Омарова адвокаттың офлайн форматта жұмыс істеуі үшін оның келуін қамтамасыз етуге байланысты сот отырысын кейінге қалдырады. Адвокат келмеген жағдайда басқа адвокаттармен келісім жасасу мәселесін шешуіңізді сұраймын. Немесе сот сізге қорғаушы тағайындайды», – деп түйіндеді судья.

Еске салайық, өткен сот отырысында прокурор оқыған айыптау актісіне сәйкес, Мадияр Калменов ағасы Санжар Бокаевпен сөз байласа отырып, қаражатты жымқырды және заңдастырды деп айыпталып отыр.

Тергеу нұсқасы бойынша, Бокаев қылмыстық схеманы «ҚазТрансГаз» басшысының кеңесшісі болып жұмыс істеген кезде жүзеге асырылған. Мемлекеттік айыптаудың мәліметінше, Калменов бақылайтын компания арқылы ұлттық компания кәсіподағынан 42 миллион теңгеден астам қаражат жымқырылған. Кейін бұл ақша Бокаевтың жеке жиһаз бизнесін дамытуға жұмсалған.

Комментарии
Другие материалы