139 жылдық тарихы бар Ақтөбедегі Пушкин саябағы қайта жаңғыртылады

209
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/f1K08JvzRsAI3HoAB7PwCchQgUNdUBMSKukMuEtI.jpg

Ақтөбеде қаладағы ең көне демалыс орындарының бірі — Пушкин атындағы саябақ қайта жаңғырту жұмыстарына байланысты жабылды. XIX ғасырдың соңында негізі қаланған саябақ 35 жылда алғаш рет ауқымды жөндеуден өтеді. Жобаны жүзеге асыруға демеушілік қаражат есебінен 600 миллион теңге бөлінеді. Жаңарған саябақты келесі жылы қайта ашу жоспарланып отыр.

Александр Пушкин атындағы саябақ — Ақтөбенің ескі бөлігіндегі тарихи орындардың бірі. Тарихи деректерге сәйкес, оның негізі 1887–1890 жылдары қаланған. Содан бері саябақ қала тұрғындары серуендеп, кездесетін сүйікті орындардың біріне айналды. Арада қанша жыл өтсе де, ол ескі қаланың өзіндік атмосферасын сақтап келеді.

Алайда соңғы жылдары саябақтың жағдайы нашарлап, аумағы біртіндеп қараусыз қалған. Ұзақ уақыт жеке меншікте болған нысанды қалаға қайтару мәселесі сот тәртібімен шешілді. Сот шешімімен саябақ мемлекеттік меншікке өтті.

Енді тарихи орын жаңаша кейіпке енбек. Қазіргі уақытта саябақтың аумағы қоршалып, мердігер ұйым жұмысқа кірісті. Жобаның барысымен Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет танысты. Ол саябақ аумағын ескі қала тұрғындарымен бірге аралап көрді.

Саябақ не себепті жабылды?

Саябақ аумағының қоршалуы әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, тұрғындардың алаңдаушылығын туғызды. Осыған байланысты қала әкімі аумақтың неліктен жабылғанын түсіндірді.

«Қала тұрғындары ескі саябақты жаңартуды көп жылдан бері сұрап келеді. Өткен ғасырдан бері мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Аумақ әбден тозған, қазіргі қауіпсіздік талаптарына да сай келмейді», — деді Азамат Бекет.

Саябақты қайта жаңғыртуға ERG компаниясы демеушілік ретінде 600 миллион теңге бөлмек. Жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы былтыр демеушілік қаражат есебінен әзірленген.

Жыл соңына дейін мердігер ұйым саябақ аумағында инженерлік желілерді тартуды жоспарлап отыр. Ал абаттандыру жұмыстары көктемде жалғасады. Жаңартылған саябақты келесі жылы тұрғындар игілігіне беру көзделген.

Саябақта не өзгереді?

Қайта жаңғырту аясында саябаққа қосымша ағаштар мен өзге де жасыл желектер отырғызылып, суару жүйесі орнатылады. Сонымен қатар орындықтар мен басқа да саябақ жиһаздары қойылып, балалар ойын алаңы жабдықталады.

Сонымен бірге саябақтың тарихи келбеті мен атауын сақтау көзделіп отыр.

1937 жылы саябаққа орыс әдебиетінің классигі Александр Сергеевич Пушкиннің есімі берілген. Өткен ғасырда бұл орын Ақтөбенің мәдени орталықтарының бірі саналған. Бүгінде де ол көптеген тұрғын үшін ескі қаланың символына айналған ерекше мекен.

«Көптеген тұрғын үшін бұл — ескі қаланың жүрегі деуге болатын ерекше орын. Сондықтан біздің міндетіміз — саябақтың тарихи келбеті мен атауын сақтау», — деп атап өтті Азамат Бекет.

Қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін Пушкин саябағы тұрғындар мен қала қонақтары серуендеп, мәдени демалатын жайлы әрі көрікті қоғамдық кеңістікке айналмақ.

Комментарии
Другие материалы