Ресейден келген жүк көліктерін кедергісіз өткізген шенеунік 10 жылға сотталды

182
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/9QKOIWsMq1FgbqqJRfPzHcJKMuBwS4vcjPsemApf.webp

Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының бұрынғы міндетін атқарушы пара алғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты хабарлады, деп жазады “Адырна”.

Сот үкіміне сәйкес, сотталушы Ресейден Қазақстанға жүк көліктерінің шекарадан кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін 100 млн теңге (221 мың АҚШ доллары) көлемінде пара алған.

Сот анықтағандай, 2025 жылдың қыркүйек–қазан айларында шенеунік Ресей азаматының жүк тасымалына Батыс Қазақстан облысындағы өткізу бекеттері арқылы кедергісіз өтуіне жағдай жасау жөнінде келісімге келген.

Ол пара үшін Ресейден Қазақстанға 1003 жүк көлігінің еш кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге уәде берген.

Сонымен қатар, шенеунік тасымалдаушы компаниялар мен жеке кәсіпкерлердің Тәуекелдерді басқару жүйесіне енгізілгені туралы ақпарат беріп, осыған байланысты қойылған шектеулерді айналып өту жолдарын көрсетіп отырған.

Ақша оған делдал арқылы берілген. Делдал бұл қызметі үшін 24,8 млн теңге (55 мың АҚШ доллары) алған.

Мемлекеттік айыптаушы бұрынғы мемлекеттік қызметкерді 12 жылға, ал делдалды 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Сот екі сотталушының да кәмелетке толмаған балалары бар екенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ал бұрынғы шенеунікке қатысты ауырлататын мән-жай ретінде оның антын бұза отырып қылмыс жасағаны танылды.

Нәтижесінде, Департаменттің бұрынғы қызметкері 10 жылға, ал делдал 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Екеуінің де мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды.

Сондай-ақ сот қылмыстық жолмен алынған деп танылған ақшаны мемлекет кірісіне тәркілеу және сотталғандардан заңсыз алынған қаражатты өндіріп алу туралы шешім шығарды.

Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Қазақстан мен Ресей шекарасында жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі жиі пайда болады. Әдетте бұл жағдай екі елдің кеден қызметтерінің жұмысына байланыстырылады. Алайда тиісті ведомстволар мұны жоққа шығарып, көлік ағынының артуымен түсіндіреді.

Әсіресе, 2025 жылдың күзінде жағдай күрделене түсті. Сол кезде Ресей мен Қазақстан шекарасында мыңдаған жүк көлігі кептеліп қалған болатын.

Сол кезде сарапшылар бұл жағдайға Қазақстан мен Ресей тараптарының «көлеңкелі» импортпен күресті бір мезгілде күшейтуге деген ұмтылысы себеп болуы мүмкін екенін айтқан еді.

Комментарии
Другие материалы