Фото: travelask.ru
Венгрияда коммунистік режим тұсында мемлекеттік қауіпсіздік қызметтерінің архивінде тіркелген 60 мыңға жуық адамның дерегі ашық қолжетімділікке шығарылды. Бұрын құпия сақталған құжаттарды енді арнайы сайт арқылы кез келген адам зерттей алады. Бұл туралы Euronews жазды, деп хабарлайды “Адырна”.
4 қарашада Венгрияның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметтері тарихи архиві 1990 жылға дейін жасалған құпия құжаттардың үш санатын жариялады. Олардың қатарында агенттердің тіркеу карточкалары, 1957–1962 жылдардағы агенттікке тарту журналдары және бұрынғы ақпарат берушілердің жеке деректері мен бүркеншік аттары көрсетілген электронды база бар.
Ашық деректерді nyitottaktak.hu сайты арқылы іздеуге болады. Пайдаланушылар ақпаратты адамның аты-жөні, туған күні мен жері немесе агенттік бүркеншік аты бойынша қарай алады. Тіркеу карталарында азаматтардың жеке мәліметтерімен қатар, оларды арнайы қызметтермен ынтымақтастыққа тарту себептері мен жағдайлары, сондай-ақ байланыс орнатқан кезеңі туралы ақпарат қамтылған.
Архив мәліметінше, тіркеу карталары мен агенттікке тарту журналдарының әрқайсысында шамамен 25 мың адамның есімі бар. Ал 1970 жылдардан бері қалыптастырылып, магниттік таспаларда сақталған электронды реестрде 55 мыңға жуық адамның дерегі тіркелген. Мәліметтердің бір бөлігі қайталанатындықтан, құжаттарда аты аталған адамдардың жалпы саны 50–60 мың шамасында деп бағаланып отыр.
Венгрия билігі алдағы уақытта агенттікке тарту жөніндегі жеке істерді де жариялауды жоспарлап отыр. Олардың саны шамамен 10 мыңға жетеді. Құжаттардың жалпы көлемі жүздеген мың беттен тұрады. Қазір мамандар арнайы қызметтердің бақылауында болғанымен, олармен ынтымақтаспайтын азаматтарға қатысты құпия ақпаратты алып тастау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Мемлекеттік қауіпсіздік қызметтері тарихи архивінің бас директоры Герге Бенедегуз Чехтың айтуынша, сақталған материалдар толық емес, ал құжаттардағы мәліметтердің барлығы бірдей шындыққа сәйкес келе бермейді.
Мамандардың бағалауынша, Венгриядағы коммунистік биліктің төрт онжылдығы ішінде арнайы қызметтер шамамен 150 мың адамды ақпарат беруге тартуы мүмкін. Алайда олардың үштен бірінің ғана есімі анықталған. 1956 жылғы оқиғалар мен саяси режим ауысқан кезеңде архив құжаттарының едәуір бөлігі жойылған.
Жарияланған материалдарда негізінен қарапайым азаматтардың есімдері кездеседі. Олардың арасында мейрамхана мен қонақүй қызметкерлері, сатушылар, жүргізушілер, теміржолшылар және фермерлер бар.
Архив өкілдері құжаттарда адамның есімінің болуы оның мемлекеттік қауіпсіздік органдарымен ерікті түрде ынтымақтасқанын білдірмейтінін ескертті. Сондықтан жарияланған деректерді бағалау кезінде құжаттардың мазмұны мен тарихи жағдайды ескеру қажет.
Еске салсақ, бұған дейін Венгрия мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің офицерлері, агенттері мен ақпарат берушілерінің тізімін жариялау 4 қарашаға шегерілгенін хабарлаған. Бұл күн 1956 жылы Кеңес әскерлері Венгриядағы революцияны басу үшін ауқымды әскери шабуыл бастаған тарихи оқиғамен тұспа-тұс келетін.
Бастапқыда құпия архивтерді ашу және тиісті тізімдерді жариялау 23 қазанға жоспарланған. Алайда техникалық себептерге байланысты жарияланым мерзімі өзгерген.
