Әзербайжан, АҚШ және Армения "Трамп" жобасына әзірлене бастады

218
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Fl2753L7xzKqsg5VdjN1TwmOhhuVB6FSOKr6UE3a.webp

Әзербайжан, АҚШ және Армения «Халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолындағы Трамп бағыты» (TRIPP) жобасын жүзеге асыруға дайындық жұмыстарын бастады, деп хабарлайды "Адырна".

Үш ел жобаны жоспарлау бойынша бірлескен техникалық жұмыс топтарын құрды. 

Report дерегінше жұмыс топтарының қызметіне АҚШ Мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуразия істері жөніндегі көмекшісі Брендан Ханрахан, Әзербайжан сыртқы істер министрінің орынбасары Елнұр Мамедов және Армения сыртқы істер министрінің орынбасары Ваан Костанян қатысты.

Мәлімдемеде жаңа формат үш елдің мемлекеттік органдары өкілдері мен техникалық сарапшыларын біріктіретіні айтылған. Негізгі мақсат – өңірлік көлік байланыстарын дамыту, ұзақ мерзімді тұрақтылықты нығайту және экономикалық ынтымақтастықты кеңейту.

Тараптар алғашқы кезеңде екі үшжақты жұмыс тобын құруға келіскен. Оның бірі көлік қатынасы, екіншісі электр энергиясын жеткізу мәселелерімен айналысады.

Жұмыс топтары күрделі техникалық мәселелерді пысықтап, жобаны іске асырудың келесі кезеңдеріне өтуге ықпал етеді. Сонымен қатар TRIPP бағытын өңірдегі өзге инфрақұрылымдық желілермен біріктіру мәселесі қарастырылады.

Үш ел өкілдері жобаның барлық құрамдас бөлігін мүмкіндігінше қысқа мерзімде іс жүзінде іске қосуға дайын екенін растады.

Комментарии
Другие материалы