Букер сыйлығының ең қарт иегері анықталды

293
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/2HB1PO3TFJHtcQEMttdCf9sZt6HwiSRhh5nnzRo6.webp

Ұлыбританиялық жазушы М. Джон Харрисон 2026 жылғы Букер сыйлығының лауреаты атанды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

81 жастағы қаламгер бұл марапат тарихындағы ең егде жастағы жеңімпаз болды. 

Жазушыға сыйлықты «Бәрінің соңы» атты сатиралық антиутопиялық романы үшін табыстаған. Марапаттау рәсімі 9 қарашада Лондонда өткен. Жеңімпазға 50 мың фунт стерлинг (шамамен 60 мың еуро) көлемінде сыйақы берілді.

Роман оқиғасы жақын болашақта Ла-Манш бұғазының жағалауында өрбиді. Шығарма желісі бойынша, белгісіз апат салдарынан қоғам күйреп, Ұлыбританияға жұмбақ ғаламшарлық тіршілік иелері ағылып келеді. Теңіз жағалауынан толқын шайып әкелген заттарды жинаумен айналысатын кейіпкер пішінін өзгерте алатын құпия артефакт тауып алады.

Қазылар алқасының төрайымы, тарихшы Мэри Бирд шығарманы болашақ арқылы бүгінгі саясатты бейнелейтін туынды деп бағалаған. Оның айтуынша, роман өзі толық түсінбейтін апатпен бетпе-бет келген қоғамның жағдайын суреттейді.

Биылғы сыйлықтың қысқа тізіміне алты шығарма енген. Олардың қатарында бұған дейін де Букер сыйлығын алған ямайкалық Марлон Джеймс пен шотландиялық Дуглас Стюарттың романдары болған.

Айта кетейік, Букер сыйлығы 1969 жылы құрылған. 2014 жылдан бастап Ұлыбританияда немесе Ирландияда жарық көрген ағылшын тіліндегі шығармалардың авторлары марапатқа үміткер бола алады. 2025 жылы сыйлықты канадалық-венгриялық-британдық жазушы Дэвид Салай «Ет» (Flesh) романы үшін иеленген. Ал 2024 жылы британдық жазушы Саманта Харвидің «Орбитада» (Orbital) шығармасы үздік деп танылған.

Комментарии
Другие материалы