Фото: ЖИ
Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында скринингтік тексерулер нәтижесінде анықталған қатерлі ісік жағдайларының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 62%-ға өсті, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Министрлік мәліметінше, есепті кезеңде қатерлі ісіктің 3 016 жағдайы анықталған. Ал былтыр осы уақытта 1 862 жағдай тіркелген.
Анықталған аурулардың басым бөлігі сүт безі обырына тиесілі. Бұл диагноз 2 049 әйелден табылған. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 58,5%-ға артқан. Сондай-ақ тоқ ішек пен тік ішек қатерлі ісігінің 590 жағдайы анықталып, өсім 78,8%-ды құрады. Жатыр мойны обырының 377 жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 57,7%-ға жоғары.
Сонымен қатар ауруды бастапқы кезеңде анықтау үлесі 70,3%-дан 71,6%-ға дейін өскен.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, тоғыз айда онкологиялық скринингтен 3,23 миллионнан астам адам өткен. Бұл тексерілуге жататын халықтың 57,1%-ын құрайды.
Қазір Қазақстанның 20 өңірінде скрининг жүргізудің орталықтандырылған жүйесі жұмыс істейді. Қатерлі ісікке күдік туындаған науқастар үшін қосымша диагностикалық тексерулерден жедел өту тәртібі қарастырылған.
