Вьетнамдық компания Қазақстаннан әуежай сатып алмақшы

1992
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2023/09/f394e169-0e07-4a17-ba5a-da12fc44a0b6-960x500.jpeg?token=072992583cd1d18d8644238c315d5b90

Вьетнамдық SOVICO Group компаниясы Қазақстандағы әуежайлардың бірін басқаруға алуды қарастырып жатыр. Бұл туралы 6 мамырда премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы То Ламмен болатын кездесу қарсаңында айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

"Вьетнам – Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең ірі серіктестеріміздің бірі. 2023 жылы тауар айналымы шамамен 1 миллиард долларды құрады. Кейін объективті себептерге байланысты біраз төмендеді. Соңғы жылды 879 миллион доллармен аяқтадық. Біз негізінен Вьетнамға жартылай фабрикаттарды – мырыш пен қорғасынды көп мөлшерде экспорттаймыз. Ал олардан тұрмыстық техника мен өңделген тауарларды аламыз. Айта кету керек, Вьетнамда бұл сала жақсы дамыған", – деді ол.

Ол Вьетнамның индустриалды аймақтарын аралап, олардың даму деңгейін бағалағанын атап өтті.

"Онда жапондық, оңтүстіккореялық компаниялар жұмыс істейді, олар өз өндірістерін құрған және жағдайлары өте жақсы. Біз олардан көп нәрсе үйренуіміз керек. Бірақ, жалпы айтқанда, сонау кездерден бері біздің ынтымақтастығымыз өте жақсы дамып келеді. Сіздер білесіздер, Қазақстан Президентінің Вьетнамға сапары барысында вьетнамдық SOVICO Group компаниясы бізден Qazaq Air әуе компаниясын сатып алды. Ол мұнда дамиды. Жақында олар тағы да келді, мен олармен кездестім. Сонымен қатар, олар әуежайды сатып алу мәселесін қарастырып жатыр, себебі әуе компаниясына базалық әуежай қажет. Бұл компания өте үлкен, қарқынды дамып келе жатыр және халықаралық компаниялармен көптеген келісімшарттар жасауда. Бұл жағдайда үлкен жұмыстар жасалмақ", – деп түсіндірді Жұманғарин.

Комментарии
Другие материалы