Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған жаңа конституция қабылдауды ұсынды. Бұл туралы ол 19 мамырда жастармен және жас спортшылармен өткен кездесуде айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Өз сөзінде президент конституцияны жаңарту қажеттігіне ерекше назар аударды.
«Қазіргі қолданыстағы негізгі заң – демократиялық өзгерістерге дейінгі кезеңде қабылданған, сондықтан ол заман талабына сай емес. Біз сіздермен, жастармен бірге, қазіргі заман рухына және келешек ұрпақтың қажеттіліктеріне сай жаңа конституция жасаймыз», – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ Ердоған Түркияның нық қадаммен алға басып, жаңа жетістіктерге қол жеткізіп жатқанын атап өтті. Ол жақын арада Түркия терроризм қаупінен толықтай арылатынына сенім білдірді.
«Біз сіздерге терроризмнен азат Түркияны аманат етеміз. Осыдан кейін Түркия ғасырын жүзеге асыру процесі одан әрі жеделдейтін болады», — деді мемлекет басшысы.